Йовичтің жарқырауы, Меньянның кереметі, Рейндэрстің нүктесі. “Милан” “Интерді” жеңіп, Италия Кубогының финалына шықты

24.04.2025, 08:00

Лука Йович қос голдың авторы атанып, "Миланның" мәңгілік қарсыласы "Интерді" тас-талқан етіп жеңіп, Италия Кубогының финалына жолдама алуына себепкер болды.

Йовичтің жарқырауы, Меньянның кереметі, Рейндэрстің нүктесі. “Милан” “Интерді” жеңіп, Италия Кубогының финалына шықты

"Мадоннина дербиінің” алғашқы ойыны 1:1 есебімен аяқталған еді. "Реалдың” бұрыңғы шабуылшысы Йович бірінші таймның аяқталуына тоғыз минут қалғанда Хименестің айқыштап берген пасына баспен дәл соққы жасап, есепті ашты. 

Екінші тайм бастала салысымен Йович қайтадан қақпаны дәл көздеді. Бұрыштамадан асырылған допты жақын қашықтықтан сәл ғана түртіп, есепті 2:0-ге жеткізді. 

Айта кету керек, Йович осы маусымда наурызға дейін бірде-бір гол соқпаған еді. Бірақ соңғы бес ойында төрт мәрте көзге түсіп, жанкүйерлерді елең еткізуде.

Матч барысында "Интер" де қарап қалмады. Стефан де Врей бұрыштамадан келген допты баспен тура бағыттап еді, бірақ Майк Меньян қақпа сызығында ғажайып сейв жасап, допты кері қағып, команданы құтқарып қалды.

Ал ойын соңында Тиджани Рейндэрс нүктені қойды. "Интердің" қорғанысы быт-шыт болып кеткенде, Голландиялық ойыншы салқынқандылықпен допты қақпаның алыс бұрышына тоғытып, "Миланның” финалға жолдамасын мықтап бекітті.

Бұл жеңіс — "Миланның” биылғы көңіл көншітпеген маусымында титул үшін күресуді жалғастыруына мүмкіндік беретін соңғы үміті. Олар қазір Серия А-да тоғызыншы орында, Чемпиондар лигасынан шығып қалды және келесі маусымға жолдама алу мүмкіндігі де қиындап тұр.

Ал "Интер" болса, “требл” жасау арманымен қош айтысты. Иә, олар Серия А көшін бастап тұр, Чемпиондар лигасының жартылай финалында, бірақ Кубоктан оылайша шеттетілді.

"Миланға” финалда қарсылас болуы мүмкін басты үміткер – Тиаго Моттаның /Болонья/ шәкірттері. Себебі олар алғашқы ойында “Эмполиді” 3:0 есебімен тізе бүктірген. Қарымта матч бүгін түнде өтеді.

Айболат Өнер

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×