Қазақстандық маман Болат Есмағамбетов «Аладоп.кз» сайтының тілшісі Мұрат Мұқашұлына сұхбат беріп, шетелге кеткен қос футболшы Ислам Чесноков (Хартс, Шотландия) пен Ғалымжан Кенжебектің («Ахмат» Ресей) таңдауы мен мүмкіндіктері турасында ойын айтты.
«Әр футболшының таңдауы болады. Бұл жерде Кенжебек ақшаны таңдады деген қате пікір. Ислам керісінше басқа жолды таңдады деу де дұрыс емес. Қос чемпионат та - Шотландия мен Ресей біріншілігі бізден әлдеқайда әлеуетті. Сондықтан, екі футболшымыз да жоғары деңгейлі турнирге барды деуге болады. Тағы да қайталап айтайын, әр футболшының, әр адамның жеке таңдауы, соған сай мақсат-мұраттары бар. Ешкімді де сынап-мінеуге болмайды. Ғалымжан РПЛ-ді таңдапты. «Ахматпен» келіскен екен, біз тек сәттілік тілеп, тілеулес болуымыз керек», - деді Б. Есмағамбетов.
Ғалымжан Кенжебек пен Ислам Чесноков Қазақстан құрамасының айқын көшбасшылары. Екеуі де соңғы кезде ұлттық команда сапындағы жарқын ойынымен көзге түсіп, шетелдік скауттардың назарына ілініп жүрген болатын. Ғалымжанға Грекия, Шотландиядан ұсыныстар болғаны мәлім. Алайда, жартылай қорғаушы Ресейді таңдауды жөн көрді. Ал Ислам «Хартспен» бір жылдай келіссөздер жүргізу нәтижесінде жаңа клуб жейдесін киді. Шотландиялық клубпен 2028-жылға дейін келісімшартқа отырды.