«Хартс» пен Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков FIFA Series турнирін түйіндеп, пікірімен бөлісті.
Сондай-ақ, өзінің «Хартс» командасындағы ахуалына да тоқталып өтті.
«Ең бастысы – біз бұл керемет турнирде команда болып жеңіске жеттік. Қазір Ұлттар лигасына дайындалып жатырмыз, сондықтан, әр матчқа барынша жауапкершілікпен қарап, бір-бірімізбен байланыс қалыптастыруға тырысып жүрміз. Жігіттер мені өте жақсы қарсы алды, оларды қатты сағынып қалыппын. Осындай атмосфераға қайта оралу өте жағымды әсер сыйлады. Қараша айынан бері мұндай сезімді бастан кешірмеген едім. Жеке өзім туралы айтсам, соңғы уақытта көп ойнаған жоқпын, сондықтан әлі де болса өзімнің бабыма келуім керек. Маған сенім артқан бапкерлер штабына алғыс айтамын. Алаңдағы әр минут мен үшін өте пайдалы болады», – деді Чесноков «ASnews.kz» сайтына берген сұқбатында.
Айта кетейік, Қазақстан FIFA Series турниріндегі екінші жеңісіне қол жеткізіп, Комор аралдарын 1:0 есебімен ұтты. Кездесудегі жалғыз голды 4-минутта Рамазан Оразов соқты. Бұған дейін Талғат Байсуфиновтың командасы Намибияны 2:0 есебімен жеңген. Қазақстан құрамасы 6 ұпаймен турнир жеңімпазы болды.