Ислам Чесноков үшін жаңа чемпионатқа бейімделу неліктен жеңіл өтеді? Жартылай қорғаушы комфорт аймағынан бекер шыққан жоқ

Бүгін, 12:12

Сонымен, Ислам Чесноков мансабында екінші рет шетелге барып, бағын сынап көргелі жатыр.

Ислам Чесноков үшін жаңа чемпионатқа бейімделу неліктен жеңіл өтеді? Жартылай қорғаушы комфорт аймағынан бекер шыққан жоқ
Ислам Чесноков

«Алтай» түлегінің 2021-де Беларусь біріншілігін бағындырғаны белгілі. Сол жақтағы «Белшинамен» жоғары дивизионға шығып, осыдан 5 жыл бұрын-ақ жақсы лигаға баратын мүмкіндігі де болған. Беларусьтегі өнеріне бірқатар клубтар қызығушылық танытып, арасында «Ахмат» та бар, қазақстандық футболшыны алғысы келгені мәлім. Алайда, бәрінен бұрын «Тобыл» әбжілдік танытқан. Ал осыдан кейін вингер мен қостанайлықтардың қандай жолды жүріп өткенін өздеріңіз де жақсы білесіздер – екі рет Қазақстан кубогі мен Суперкубогін еншіледі, 2024-жылғы маусымда «Тобылдың» жейдесінде ҚПЛ-дің үздік сұрмергені атанды – 10 гол мен 3 ассист. Жалпы, қостанайлықтар қатарында 92 матчта 29 гол мен 15 голдық пасты тіркеген. Исламның «Тобыл» тарихында Қазақстан премьер-лигасындағы үздік шабуылшылар қатарында екенін де қоса кету керек – бұл тізімде 23 нәтижелі соққысымен 7-орынға табан тіреген (бірінші орын әрине Нұрбол Жұмасқалиевте – 157 гол).  

Әлбетте, Ислам Чесноков үшін Шотландия чемпионаты мүлде таныс емес, жаңа турнир деуге болады. Демек, футболшы үшін біршама сынақ болуы ықтимал. Әйтсе де 26 жастағы жартылай қорғаушыға мұндай жағдай жаңалық емес. «Хартсқа», жаңа ортаға бейімделудің таңсық болмайтыны – Чесноков 2021-жылы да басқа біріншілікке барып, жап-жақсы ойнап кеткен. Беларусь біріншілгіне ауысқанда енді тәжірибе жинай бастаған, негізінен Қазақстанның 1 Лигасында ғана ойнап жүрген жас футболшының бірі болатын. «Алтайдың» бірінші командасында бір маусымда тек 5 кездесуге қатысса да ол жаңа сынақтан жүрексінген жоқ. Комфорт аймағынан шығудан қорықпады. «Белшина» ойыншысы атануға бел буды. Өскемен футболының түлегінің басынан сол кезде біраз ауыр күндер өткені де белгілі - жаңа клубының базасында түнеп, тіпті тамаққа жарымаған күндері де болған ұқсайды. Команда базасын мекендеуге мәжбүр ойыншыларына «Белшина» тәулігіне тек 2 рет ыстық тамақ бере алған еді. Ал Ислам Чесноков осындай жайсыздықтарға да төзе білді. Жай төзіп қоймай, нәтижелі өнерімен көзге түсті (Бірінші лигадағы алғашқы маусымында 28 матч – 7 гол, 4 ассист тіркеді). Ашқұрсақ жүріп бір маусымда 30-ға жуық ойынға қатысып, командасының негізгі құрамынан ойып тұрып орын алды. «Белшина» Беларусь Жоғары лигасына шыққанда да Ислам клубтың көшбасшы рөлінен түскен жоқ (Жоғары лигада 27 кездесу – 4 гол, 5 ассист). Қазақстандық таланттың жағдайы тек элиталық дивизионға шыққанда түзелгенін сол кездегі біраз БАҚ растай алады (Феномен Ислама Чеснокова или история его жизни, «Казфутбол.кз», 2023-жыл, 19-қараша).

Тура қазір Шотландия футболының Беларусьтен биік екені түсінікті. «Хартс» клубы да алдына жоғары мақсат қойған ұжым - не дегенмен чемпиондық таласта келеді (20 турдан кейін 44 ұпаймен көш бастауда. Екінші және 3-орындағы «Рейнджерс» пен «Селтикте» тиісінше 41 және 38 ұпайдан). Бірақ, Ислам Чесноков қазір нағыз бабында. Бірнеше маусым «Тобылда» жоғары деңгейдегі футбол көрсетіп келді, ұлттық құрама жейдесіндегі өнері де жемісті болды. Қысқасы, тіс қаққан футболшы болғанда Исламның жаңа деңгейге көтерілетін мүкіндігі мол. Біраз сарапшыға сұрау салғанда вингердің мүмкіндігін жоғары бағалап, сенім артқан. Бірден негізгі құрамнан көрінуі екіталай болғанымен де, өзін жақсы қырынан көрсететін қауқары бар дейді білікті бапкер, біздің тұрақты сарапшымыз Болат Есмағамбетов. Жалпы, Исламның трансфері мен Британиядағы болашағына байланысты негізінен жылы пікірлер айтылуда.

Бүгін Ислам Чесноков жаңа командасының жейдесіндегі алғашқы ойынына қатысуы ықтимал. «Хартс» сырт алаңда «Данди Юнайтедке» қарсы тұрады. Чемпиондық таластағы ұжым үшін сөзсіз маңызды матч және енді келген футболшыға толық сенім артпауы түсінікті. Десе де Қазақстан құрамасының көшбасшысына біраз минут беріп қалуы да ғажап емес. Қалай дегенде де клуб бас бапкері мен басшылығының Чесноковқа үлкен сенім артатыны мәлім. Сол үшін жартылай қорғаушының барынша тез бейімделуіне қолайлы жағдай жасауға тырысатыны анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×