Ислам Чесноковтың жаңа чемпионаттағы мүмкіндігі қандай? Сарапшылардың пікірі

07.01.2026, 12:42

Танымал бапкер Болат Есмағамбетов «Хартсқа» ауысқан Ислам Чесноковтың мүмкіндігін таразылап, бағасын берді.

Ислам Чесноковтың жаңа чемпионаттағы мүмкіндігі қандай? Сарапшылардың пікірі
Ислам Чесноков

Қазақстан құрамасының көшбасшысы жаңа клубымен 2028-жылға дейін келісімшартқа отырды. «Хартста» 99-нөмірдегі жейдеде өнер көрсетпек. Эдинбург қаласының клубы Шотландия премьер-лигасының 20 турынан кейін жеке дара көш бастауда.

«Ислам екі жыл «Тобылда» жоғары деңгейде ойнады, ұлттық құрама сапында да солай. «Хартс» бекер шақырған жоқ, әрине, сенім артқан соң алып отыр. Ал Ислам ары қарай қалай өзін көрсете алады, оны уақыт көрсетеді. Шотландия чемпионаты Қазақстандікіне мүлде ұқсамайды – ол жақтың мәдениеті, менталитеті мүлде өзгеше. Шетелге шықсаң тіл білуің керек, тілді бірден меңгеруің қажет. Командаластарыңмен, бапкермен, БАҚ-пен қарым-қатынас үшін бұл өте маңызды. Меніңше, Исламды бірден негізгі құрамға қоймайды. Ол жақта Еуропада футболшыны бейімдеуді біледі – қосалқы құрамнан қосады, дайындайды дегендей. Бұл жерде футболшыға да байланысты, өзін көрсетуге тырысуы тиіс», - деді отандық маман «Аладоп.кз» сайтына берген сұхбатында.

Ислам Чесноков Өскемен футболының түлегі. Мансабының басым бөлігін қостанайлық «Тобыл» сапында өткізген. 26 жастағы жартылай қорғаушы жақын күндері өзінің дебюттік кездесуін өткізеді деп күтілуде.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×