Исламбек Қуат: Мен «Қайратқа» сенемін, олар 100 пайыз өтеді

29.07.2025, 15:37

«Аладоп.кз» «Жеңістің» жартылай қорғаушысы Исламбек Қуатпен тілдесіп, «Қайраттың» ЧЛ 2-іріктеу кезеңіндегі мүмкіндігі жайлы пікірін білген болатын.

Исламбек Қуат: Мен «Қайратқа» сенемін, олар 100 пайыз өтеді
Исламбек Қуат "Қайрат" сапында

Футболшы кезінде «Астана» сапында осы куопиолық клубқа қарсы өнер көрсеткен. Сондай-ақ, И. Қуат үшін «Қайрат» та бөтен клуб емес. Жартылай қорғаушы бірнеше маусым бойы алматылықтардың жейдесінде доп теуіп, шеберлігімен есте қалды.  

- Исламбек, финляндиялық клубқа қарсы «Астана» жейдесінде өзіңіз де доп тептіңіз (КЛ, 3-іріктеу кезеңі - 1:1, 4:3. 21/22 ж маусым). Сол кезде «КуПС-тан» өте алмаған едіңіздер...  

- Астанадағы ойынды айтатын болсам, бізге концентрация жетіскен жоқ. Сәл босаңсу және стандарттан екі гол. Ойын ырғағынан шығып қалып, сол үшін опық жеп қалдық қой. Жеңіп тұрып, солай болды. Футбол деген сондай... Ссәл босаңсысаң, қарсылас жазалап кетеді. Сол үшін «Қайратқа» да бүгін концентрацияға ерекше көңіл бөлу қажет. 90 минут жинақы ойнап, босаңсуға жол бермесе, барлығы жақсы болады деп ойлаймын. Мықты концентрациямен ойнаса, қажетті нәтиже болады.

- Санаулы сағаттардан кейін «Қайраттың» өнерін тамашалаймыз. Жауапты матчта алматылықтардың мүмкіндігі қандай?

- Кешке «Қайратқа» жылдам гол салу өте маңызды. Үзіліске дейін 2 гол салады деп ойлаймын. Ал екінші таймда гол кірмейтін шығар. Міне, сол кезде ойын басқаша өрбиді. Мен «Қайратқа» сенемін, 100 пайыз өтеді. Бірінші таймда гол керек, ары қарай болды сосын. Жалпы, биыл Қазақстан атынан сынға түсіп жатқан барлық командаға сенім артамын – «Қайрат», «Астана» мен «Ақтөбе» келесі кезеңге өтуі керек. Барлық клубтарымыз сүрінбей, ары өтсе деген тілек бар. Қиын болады, әрине, бірақ біздің командалардың барлығы ары қарай өтіп кетеді.

- Көп рахмет, Исламбек, сізге де сәттілік, жарақаттан аман болыңыз бастысы!

- Сіздерге де рахмет айтамын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×