Алматылық «Қайраттың» бұрынғы жартылай қорғаушысы Исламбек Қуат ЧЛ 3-іріктеу кезеңінің қарсаңында «Аладоп.кз-ке» сұқбат беріп, ҚПЛ чемпионының мүмкіндігін бағалады.
Ертең Рафаэль Уразбахтиннің командасы братиславалық «Слованды» қабылдайды. Жауапты матч бір аптадан кейін Словакия жерінде болады.
- Исламбек, ертең де «Қайратқа» жанкүйер болатын шығарсыз? Бұрынғы командаңыздың мүмкіндігі туралы пікіріңіз?
- Иә, әрине матчты жібермей көремін ғой. «Қайратқа» жанкүйер боламыз. «Слован» чемпионатты енді бастап жатыр, ал «Қайрат» былайша айтқанда «на ходу» ғой. Алматыдағы ойынды ұтуға болады, ал сырт алаңда қиын болады-ау... Меніңше, словакиялық клубтан өтуге болады. Қалай дегенде де, «Қайрат» өзінің алаңында жеңіске жетуі тиіс. Ал Словакияда тағы да қайталап айтайын, өте қиын болады біздің клуб үшін.
- Владимир Вайспен «Қайратта» жолдарыңыз түйіскен болатын. Бапкер ретінде сізге ұнаған қандай ерекше қасиетін атап өтер едіңіз?
- Владимир Вайсс – біздің әкеміз сияқты болатын. Бүкіл командада оны солай қабылдаған. Бапкер ретінде де, адам ретінде де өте әділетті деп айтар едім. Осы қасиетімен ерекшеленетін, ешкімді бөліп жармайтын.
- Әңгімеңізге рахмет, Исламбек!
- Оқасы жоқ!