Испаниялық Bola VIP басылымы "Кайрат" пен "Реал Мадрид" арасындағы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші тур ойыны туралы талдау жасады.
Материалда атап өтілгендей, "Реал Мадрид” үшін бұл матч күтпеген жерден шешуші маңызға ие болды. Өткен сенбіде "Метрополитано" стадионында "Атлетикодан” ірі есеппен жеңілгеннен кейін Мадридтіктер қайта еңсе тіктеуге мәжбүр. Себебі дерби алдындағы жағдай олар үшін өте қолайлы еді – маусымда барлық ойында жеңіске жеткен, ал "Атлетико” керісінше тұрақсыз ойнап жүрген болатын.
Дәл осы себепті Хаби Алонсоның шәкірттері үшін Алматыдағы кездесу – сенімділікті қайтаратын мүмкіндік. "Реал" жанкүйерлеріне де, команданың өзіне де ұмытылмас ауыр жеңілісті артта қалдырып, турнир кестесіндегі жағдайды түзету қажет.
Bola VIP жазғандай, бұл сапар жеңіл болмайтыны анық. Біріншіден, Мадрид пен Алматы арасындағы арақашықтық шамамен 8000 шақырым, бұл ойыншылардың қалпына келу процесіне әсер етеді. Екіншіден, "Кайрат" бүкіл апта бойы тек осы матчқа дайындалса, "Реал” жаттығуға тек жексенбі күні кірісті.
Испандық БАҚ атап өткендей, Корольдік клубтың басты сынағы – тек қарсыластың ойыны емес, ұзақ сапар мен тығыз кестеден кейінгі физикалық және психологиялық дайындық.