2024 жылғы Еуропа чемпионы Испания мен Копа Америка жеңімпазы Аргентина арасындағы Финалиссима кездесуі 2026 жылдың наурыз айында өтеді. Бұл туралы танымал журналист Гастон Эдул әлеуметтік желіде хабарлады.
Ақпарат көзінің мәліметінше, бір матчтан тұратын турнир 2026 жылғы 17–25 наурыз аралығында ұйымдастырылады. Нақты күн кейінірек жарияланады. Ал матч өтетін стадион әлі бекітілген жоқ.
Айта кетейік, 2025 жылғы халықаралық күнтізбеде Финалиссиманы өткізуге бос уақыт табылмаған еді.
Бұл турнир тарихындағы екінші кездесу болмақ. Алғашқы Финалиссимада Аргентина Италияны 3:0 есебімен жеңіп, алғашқы чемпион атанған болатын.