Қызылорда облысына қарасты Қызылтам ауылының тумасы, 16 жастағы Абдулхамит Маратұлы Испанияда өтетін іріктеуге дайындалып жүр. Ал талантты жеткіншекке демеуші керек деп хабарлайды Айқын газеті. ⠀
Айта кетейік, алғашында іріктеуге 300 бала қатысқан. Нәтижесінде, 15-і Эль-Пуэрто-де-Санта-Мария қаласына барып, белгілі клубтардың 2004 жылғы жастар құрамасына қабылдану үшін бақ сынап көрмек. ⠀
"Сонда біздің ойынымызды "Атлетико Мадрид", "Валенсия", "Реал Бетис", "Малага", "Херес" клубтарының скауттары бақылайды. Егер ұнаса, келісімшарт ұсынуы бек мүмкін. Айта кетерлігі, іріктеу 2004 жылғы жасөспірімдер арасында өтеді", — дейді Абдулхамит. ⠀
Ол болашағын үлкен спортпен байланыстыратынын айтып "Испанияға барып, мықты клубтардың бірімен келісімшарт жасау ойымда бар. Сонда қалып, шеберлігімді шыңдап, футболдың қыр-сырын үйренгім келеді. Өзімді жаттықтырған жаттықтырушылардың атын шығарып, еліміздің үлкен футболдағы мерейін өсірсем деймін. Кейінірек елге оралып, "Қайрат" пен "Қайсардың" бірінде доп теуіп, жетістіктерге жеткім келеді", — деді жас спортшы. ⠀
Абдулхамит мәскеулік ЦСКА сапында өнер көрсететін қазақстандық Бақтияр Зайнутдиновтың ойын мәнері ұнайтынын жеткізді. «Ал әлем футболына келсек, Месси бастаған "Барселонаның" жанкүйерімін. Оның алаңдағы әрекеті кез келгенді бейжай қалдырмасы анық", — деді Қызылорда облысының тумасы.
Біздің серіктес: FONBET