УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі «Қайрат» пен «Селтик» арасындағы қарымта ойынға төрешілерді тағайындады.
Аталған кездесуді Италиядан келген төрешілер бригадасы басқаратын болады. Бас арбитр — Маурицио Мариани. Оған көмекшілер ретінде Даниеле Биндони мен Альберто Тегони жұмыс істейді. Төртінші төреші — Маттео Маркетти, бейнетөреші (VAR) — Марко Ди Белло, бейнетөрешінің ассистенті — Валерио Марини. Бұл төреші өткен маусымда Италия кубогының финалында «Милан» — «Болонья» матчына қазылық жасаған. Сондай-ақ, ол 2024 жылдың маусымында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі бірнеше матч пен ширек финалда «ПСЖ» — «Астон Вилла», «Боруссия Д» — «Барселона» ойынына төрелік етті.
«Қайрат» — «Селтик» ойыны 26 тамыз күні Алматыда өтеді. Алғашқы матч Шотландияның Глазго қаласында өтіп, 0:0 есебімен аяқталған болатын. Айта кетейік, бұл жұптың жеңімпазы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алады.