Италия Еуропа чемпионы атанды

12.07.2021, 09:11
Соңғы 45 жылда алғаш рет Еуррпа чемпионын анықтау үшін пенальти сериясы қажет болды.
Италия Еуропа чемпионы атанды

Бүгін, 11 шілдеде Италия құрамасы Англия құрамасымен кездесті. 2020 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық ойыны Лондондағы (Англия) "Уэмбли" стадионында өтті. Кездесудің негізгі және қосымша уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Пенальти сериясында италиялықтардың бағы жанды - 3:2. Аталмыш ойында Бьорн Куйперс бастаған нидерландылық төрешілер тобы қызмет етті.

Матчтағы есепті 3-минутта Англия құрамасы ашты. Люк Шоу Киран Триппьердің пасын ұтымды пайдаланып, командасын алға шығарды. Италия құрамасы кездесудің 67-минутында есепті теңестірді. Голды Леонардо Бонуччи соқты. Осылайша, Бонуччи Еуропа чемпионатының финалында гол соққан ең егде ойыншы атанды (34 жас, 71 күн). Ол бұл көрсеткіш бойынша ЕУРО-1976 турнирінде рекорд орнатқан Бернд Хёльценбейнді артқа тастады (30 жас, 103 күн). "Ювентус" қорғаушысы осы матчтың үздік ойыншысы деп танылды. Ал "Челсидің" жартылай қорғаушысы Жоржиньо бір маусымда Чемпиондар лигасы мен Еуропа чемпионатын жеңіп алған тарихтағы 10-шы ойыншы атанды.

Қосымша уақытта гол соғылған жоқ. Еуропа чемпионы пенальти сериясында анықталды. Италия құрамасының "футбол лотереясында" жолы болды. Англия сапында Букайо Сака шешуші пенальтиді голға айналдыра алмады.

Италия құрамасы кешегі матчта осы чемпионаттағы 13-ші голын соқты. Бұл "Скуадра Адзурраның" ірі халықаралық турнирлердегі рекорды болып табылады. Италия бұған дейінгі 1934, 1982 және 2006 жылғы Әлем чемпионатында 12 голдан соққан болатын.

Италия құрамасы араға 53 жыл салып өз тарихында екінші мәрте Еуропа чемпионатын жеңіп алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×