ИТАЛИЯ ФУТБОЛЫНЫҢ ЖАУЫ – ЖЕМҚОРЛЫҚ ДАУЫ
Жемқорлыққа шырмалған Италия футболынан тағы бір жік шықты. Бірнеше қалада арнайы жасақталған полиция қызметкерлері “Соңғы бәс” операциясы аясында келісілген матчтар ұйымдастырды деген күдікпен 17 футболшыны қамауға алды.
Олардың ішінде “Аталанта” клубының белді ойыншысы, әрі Италия құрамасының экс-жартылай қорғаушысы Кристиано Дони де бар. Ақшаға құныққан ойыншылар алдын ала келісіп, букмекерлік кеңседен аса ірі көлемде табыс тауып отырған. Тағдыры шешілген бәсекелер “Брешия”, “Бари”, “Наполи” және “Сампдория” сынды клубтардың арасында өткені анықталды. Тәртіп сақшылары құрықталғандардың Сингапур және Шығыс Еуропа елдерінің қылмыстық топтарына қатысы болуы мүмкін деп отыр. Естеріңізге сала кетсек, дәл осындай жағдай үстіміздегі жылдың шілдесінде орын алған. Ол кезде жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен 16 футболшы тұтқындалған болатын. Ал бес жыл бұрын футбол әлемін дүр сілкілкіндірген тағы бір қылмыстық іс нәтижесінде “Ювентус”, “Милан” және “Лацио” сынды даңқты клубтар қатаң жазаланған.