Иван Маевский: Чемпиондыққа талас әлі де жалғасуда

28.09.2018, 03:33
Иван Маевский: Чемпиондыққа талас әлі де жалғасуда
«Астана» премьер-лиганың 25-турында «Атырауды» жеңді. Ойыннан кейін елорда командасының жартылай қорғаушысы Иван Маевский өз пікірімен бөлісті. – Біздің ойын күнтізбеміз өте тығыз болғандықтан, бүгінгі ойын қиын болды. «Атырау» –  өте ұйымшыл, жауапкершілігі мол команда. Ең бастысы, маңызды жеңіске қол жеткізіп, қажетті үш ұпайды еншіледік. Қарсылас қақпасына өте көп гол соғатын мүмкіндіктер тудырғанымызға қарамастан, гол соғу қиынға түсті. Біздің шабуылшылар гол соғуды бастап, өздеріне деген сенімділіктерін арттырғанын қалаймын. –Киевте өткен қиын ойыннан кейін, алыс жол жүріп келдіңіздер. Қаншалықты қиын болды? – Иә, оңай болмағаны рас. Дегенмен, біздің қосалқы құрамда ойыншылар жетерлік, бапкерлер құрамында таңдау бар. Сондықтан, бұл жағдайда ешқандай қиындық бола қойған жоқ. Ең бастысы ойынға деген жауапкершілік. Дегенмен, бүгінгі алаң сапасы сын көтермегендіктен, қарсыласпен талас жүргізуге тура келді. Ең бастысы, бапкерлер құрамының берген тапсырмасын орындап, қажетті үш ұпайға қол жеткіздік. – «Қайраттың» «Жетісуға» қарсы ойындағы жеңілісінен кейін, чемпиондықтың ауылы жақындады деп айта аласыз ба? – Мен олай айтпаған болар едім. Чемпиондыққа талас әлі де жалғасуда. Бізде алда 7 ойын, оның ішінде «Қайратқа» қарсы кездесу бар. Ешқандай да босаңсудың реті жоқ. Иә, «Қайрат» күтпеген жерден ұпай жоғалтты. Біз де егер босаңдық танытатын болсақ, дәл сондай жағдайға тап болуымыз мүмкін. Сондықтан, әр ойынға барынша жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Дәл қазір келесі кездесуге дайындалып жатырмыз. Енді үш күннен кейін, «Жетісуға» қарсы маңызды ойын. Дәл осы команда «Қайраттан» 3 ұпайды еншілеген еді. Бізді қиын кездесу күтіп тұр. – Бір аптадан кейін француздың «Ренн» командасына қарсы ойнайсыздар. Қандай нәтиже күтесіз?– Ең алдымен чемпионаттағы ойынымызды өткізіп алуымыз қажет. Содан кейін, дүйсенбіден бастап аталмыш кездесуге дайындалатын боламыз. Біздің қазіргі бар ойымыз «Жетісуға» қарсы кездесуде.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×