«Ақтөбе» капитаны Иван Ордец өзінің футболдағы алғашқы қадамдары, Еуропалық клубтардағы мансабы, «Ақтөбеге» ауысу себептері және Қазақстан Премьер лигасының ерекшеліктері туралы сұхбат берді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Трансфер таңдауы: Неліктен «Ақтөбе»?
Германияның «Бохум» клубынан еркін агент ретінде кеткеннен кейін Ордецте бірнеше нұсқа болд. Бастапқыда Сауд Арабиясының клубымен 3 жылдық келісімшарттың барлық шарттары, сомасы мен мерзімі толық келісілген еді. Алайда ішкі себептерге байланысты бұл трансфер соңғы сәтте бұзылды. Одан кейін Испанияның «Эспаньол» клубы тарапынан ұсыныс түскенімен, қаржылық жағдайларға байланысты одан бас тартуға тура келді. Сонымен бірге Австрияның «Штурм Грац» клубы да қызығушылық білдірген.
Осыдан кейін оған Алматының «Қайратынан» ұсыныс түскен екен. Бірақ «Қайрат» басшылығы Чемпиондар лигасы ойындарына байланысты шешім қабылдауды бірнеше аптаға созып, күтуді өтінген. Дәл осы сәтте «Ақтөбе» өкілдері (агенті мен Марат) байланысқа шығып, нақты ұсыныс жасайды.
Ордец бұған дейін Мәскеулік «Динамо» сапында жүргенде «Ақтөбеге» қарсы оқу-жаттығу жиынында ойнап, бұл клубты жақсы білетін. Ол «Ақтөбенің» бұрынғы ойыншысы Санжар Наёкпен де кеңесіп, YouTube-тен «Ақтөбе» жанкүйерлерінің стадиондағы керемет атмосферасын көрген соң, осы ұжымды таңдады. Жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен толық стадион оның шешіміне басты әсер етуші фактор.
Футболдағы алғашқы қадамдары мен мансабы
Балалық шағы мен «Шахтер» академиясы: Донецк облысынан шыққан Иванды футболға атасы баулиды. 9 жасында Донецктің «Шахтер» клубының қаралымынан өтті. Ерекше бойшаңдығына байланысты 10 жасында-ақ «Шахтер» академиясына қабылданады.
«Мариуполь» және Мирча Луческу мектебі: Кәсіби футболдағы алғашқы үлкен қадамын «Мариуполь» клубында бапкер Николай Павловтың қол астында бастады. Павловтың ерекше ауыр физикалық дайындық сынақтарынан өтіп, негізгі құрамға орнығады. «Шахтерге» қайта оралған соң, аңызға айналған бапкер Мирча Луческудың қол астында шеберлігін шыңдап, Украина ұлттық құрамасына шақырылған.
Еуропалық тәжірибе: Ордец Мәскеудің «Динамосында» Сандро Шварц пен Желько Бувачтың басқаруымен вертикальді, жылдам футбол тактикасын меңгерген. Кейін Бундес лигада («Бохум») ойнап, жоғары деңгейдегі кәсіби мектептен өтті.
Бундеслига мен ҚПЛ айырмашылығы және «Ақтөбедегі» маусым
Иван Ордец Германия чемпионаты мен Қазақстан Премьер лигасын салыстыра отырып, мынадай айырмашылықтарды атап өтті.
Интенсивтілік мен медициналық бақылау: Бундес лигада ойыншылардың жүгіру көлеміне, жылдамдығына және физикалық дайындығына өте үлкен мән беріледі. Германияда күн сайын таңертең қан тапсырып, дене дайындығы мен ұйқы сапасы тексеріледі. Сондай-ақ оларда ауырсынуды басатын таблеткалар ішуге тыйым салынған, себебі ол бұлшықет тонусын төмендетіп, жарақатқа әкелуі мүмкін.
ҚПЛ-дағы сипат және төрешілер: Қазақстан чемпионаты көбіне күштік күреске құрылған. Сонымен қатар, Қазақстанда төрешілердің матчты жиі тоқтатып, ойын ырғағын бұзатыны интенсивтілікті төмендетеді.
«Ақтөбедегі» маусымның қиындықтары:
Үй матчтарының Түркістанда өтуі: Маусым басында команданың 7 ойынды қатарынан Түркістанда өткізуі нәтижеге кері әсер етті.
Бапкерлердің жиі ауысуы: Николай Костов белгілі бір ойын стиліне (доппен ұтысу, тактикалық дайындық) ойыншылар жинағанымен, кейін бапкердің ауысуы команданың ойын суреті мен жүйесін бұзып жіберді.
Луиш Нанидің ықпалы: Командаға әйгілі Португалиялық жұлдыз Луиш Нанидің келуі киім ауыстыратын бөлмедегі микроклиматқа оң әсер етіп, оның кәсібилігі мен тәжірибесі жас ойыншыларға үлкен үлгі болды.
Қазіргі таңда жарақатынан айығып келе жатқан Иван Ордец МРТ тексерісінен соң командамен бірге жаттығуға қосылып, маусымның соңында «Ақтөбеге» Еурокубок жолдамасын алып беруге бар күшін салатынын білдірді.