Израильдік команданың фанаттары “Астон Вилламен” болатын матчқа билет алудан бас тартты

21.10.2025, 15:30

6 қарашада өтетін Еуропа лигасының кезекті турында Ағылшынның "Астон Вилласы" өз алаңында Израильдің "Маккаби Тель-Авив" клубын қабылдайды. 

Израильдік команданың фанаттары “Астон Вилламен” болатын матчқа билет алудан бас тартты

Алайда бұл кездесу жанкүйерлерсіз өтпек. Израильдік клуб қауіпсіздік жағдайына байланысты өздеріне бөлінген қонақ секторындағы билеттерден бас тартты.

Бұл шешім Біріккен Корольдік полициясы мен Бирмингем қаласының Қауіпсіздік жөніндегі консультативтік тобының (SAG) ұсынымына сүйеніп қабылданды. Аталған ұйымдар "Вилла Парк" маңында болуы мүмкін наразылықтар мен тәртіпсіздіктерден қауіптеніп, Израильдік жанкүйерлердің келуін қауіпті деп тапқан. SAG дәл осы қаладағы стадиондарға қауіпсіздік сертификаттарын берумен айналысады.

Сарапшылардың айтуынша, алаңдаушылыққа себеп болған жайттардың бірі — Израиль құрамасының Осло мен Удинеде өткен соңғы іріктеу матчтарында болған саяси сипаттағы наразылықтар.

Дүйсенбі күні "Маккаби Тель-Авив" ресми мәлімдеме жариялап, жағдай өзгерсе де шешімдерін қайта қарамайтынын атап өтті. Клуб басшылығының айтуынша, басты мақсат — өз жанкүйерлерінің қауіпсіздігі.

"Біз футбол тек спорттық ортада өтуі тиіс деп санаймыз. Алдағы уақытта Бирмингемде бейбіт жағдайда ойнауға мүмкіндік туады деп үміттенеміз.” — делінген хабарламада.

Сондай-ақ клуб өкілдері өз жанкүйерлерін Израильдегі соңғы тәртіпсіздіктермен және Тель-Авив дербиінің тоқтатылуымен байланыстыратын айыптауларды жалған әрі арандатушылық деп атады. Британ полициясы бұл оқиғаларға Израильдік фанаттардың қатысы бар-жоғын анықтау үшін Израиль билігімен байланыс орнатқан.

Осылайша, Бирмингемдегі ойын тек Ағылшын жанкүйерлерінің қатысуымен өтеді. "Астон Вилла” үшін бұл – аздап көңілсіз жаңалық, өйткені Еуропа аренасындағы ойын әдетте ерекше атмосферамен өтетін. Дегенмен қауіпсіздік бәрінен маңызды.

Унаи Эмери шәкірттері соңғы бес ойында жеңіс сериясын жалғастырып келеді және Еуропа лигасында фавориттердің бірі саналады. Команданың қазіргі формасын ескерсек, "Вилла” бұл кездесуде айқын басымдыққа ие болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×