“Қайраттың” бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Димаш Төлегеновке берген сұхбатында Қазақстан – Уэльс матчын бағалап, ойыншыларының дебютіне пікір білдірді.
“Астана Аренада” өткен 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Қазақстан – Уэльс ойынында (0:1) “Қайрат” клубының екі ойыншысы – қақпашы Темірлан Анарбеков пен жартылай қорғаушы Дамир Қасабулат ұлттық құрама сапында алғаш рет алаңға шықты. Екеуі де толық 90 минут ойнады.
“Негізінен олардың ойынына көңілім толды. Темірлан сенімді ойнады, бірнеше сәтте қақпаны құтқарып қалды. Тіпті гол соғылған эпизодта да алғашқы соққыны қайтарды, бірақ өкінішке қарай, қарсыласқа қайтарған допты толық аластауға мүмкіндік берілмеді.
Ал Дамирге келсек, оның жұмыс ауқымын жақсы білемін. Өз міндетін орындап, көп жүгірді, аймақтарды жауып отырды. Бірінші ойындарына қарағанда екеуі де өте сенімді ойнады. Әрине, жеңіліс өкінішті. Біз бұл матчта ұтылуға лайық емес едік. Бірақ футболда “салмасаң – соғады” деген заңдылық бар ғой. Ал жігіттерге ризамын, олар жарады!” – деді “Қайраттың” бас бапкері Рафаэль Уразбахтин.
Тапаловтың жарақаты мен Анарбековтің соқтығысы жайлы.
“Тапалов “Спортингке” (18 қыркүйек) қарсы ойынға толық дайын болады деп ойлаймын. Тек тізесінде болар-болмас мәселе болды. Жасанды алаңда ойнағандықтан, дәрігерлер оны сақтап қалуды жөн көрген сияқты. Бельгияға қарсы ойынға да үлгеруі мүмкін. Ал “Спортингке” 100 пайыз дайын болады.
Анарбековтің соқтығысына келсек, мен қатты алаңдаған жоқпын. Онша ауыр соққы емес еді. Дәрігерлер сақтық үшін алаңға кіріп, жағдайын тексерді. Шынымды айтсам, көңілім жай болды”, – деді ол.
Ұлттық құрамаға жіберу, Бельгиямен матч және Сатпаев жайлы:
“Чемпиондар лигасына байланысты ойыншыларды құрамаға жібермей қоямыз ба? Жоқ, ондай ой ешқашан болған емес. Ұлттық құрамаға шақырту – әр футболшының арманы. Біз, керісінше, қуанып, жігіттерімізді әрдайым жіберуге дайынбыз.
Бельгиямен матчқа келсек, ең бастысы – сену. Футболда бәрі мүмкін. Мысалы, ешкім “Қайрат” Чемпиондар лигасына шығады деп ойламады, бірақ біз шықтық. Сол сияқты, құрама да ұпай жинай алады деп сенемін.
Ал Сәтпаевқа келсек, иә, ол көп демалмай жүр. Бірақ Еуропада барлығы солай ойнайды, ол да соған үйренуі керек. Келер жылы Лондонға барады. “Челсидегі” әріптестеріміз де: “Ол ойнай берсін, үйренсін” деп қуанған болатын” – деді Уразбахтин.