Чемпиондар лигасының екінші кезеңіне жолдама алған «Қайрат» енді Финляндия чемпионы «КуПС-пен» күш сынасады. Осы орайда алматылық ұжымның бас бапкері Куопио қаласына бару қосымша қиындық тудыратындығын баспасөз жиынында айтып өтті.
— Логистика тұрғысынан алғанда, Молдова командасы түссе, жеңілірек болар еді. Хельсинкиден Куопиоға дейін автобуспен 400 шақырым жол жүру керек. Дегенмен, кім жеңсе, сол лайық. Біз кез келген қарсыласқа дайынбыз, — деген еді «Қайраттың» бас бапкері «Олимпияға» қарсы өткен ойыннан кейін Уразбахтин.
Куопио қаласы Хельсинкиден 390 шақырым жерде орналасқан. «КуПС» клубы 2024 жылғы Финляндия чемпионатының жеңімпазы атанған. Еурокубок жолындағы алғашқы кезеңде олар Молдованың «Милсами» клубынан басым (1:0, 0:0) түсті.
Ал «Қайрат» болса, 15 шілдеде Алматыда өткен жауапты кездесуде Словенияның «Олимпия» клубын 2:0 есебімен жеңіп, жалпы есепте 3:1 нәтижесімен келесі кезеңге өтті.