“Реал Мадридте" жағдай ушығып барады. Бразилиялық Винисиус Жуниор “Эспаньолға” қарсы матчтағы алмастырудан кейін бапкер Хаби Алонсоға ренжіп қалған сыңайлы. Матч барысында ол бірнеше соққы жасап, бір голға пас бергенімен, жалпы ойыны бәсең болды.
Ойын кезінде Винисиус өзіне тән қарсыласын жиі алдап өтуді көрсеткен жоқ. Оң қапталда позициясыз қалған сәттерде оның қимылынан наразылық айқын сезілді. Алғашқы таймда қақпаға тамаша соққы жасағанымен, доп жоғары кетті. Екінші таймда ол Мбаппенің екінші голына пас берді, бірақ қуанышы суық болды, тек Милитаоның голына ғана әдеттегі эмоциясын көрсетті.
Ойын соңына таман Арда Гүлер мен Мбаппенің әдемі комбинациясында Винисиустың соққысы бағанадан қайтты. Осы сәттен кейін оның реніші арта түсті. Салқындату үзілісінде Хаби Алонсо Родриго мен Брахимді дайындап тұрғанда, “Бернабеу” жанкүйерлері Винисиус алаңда қалады деп ойлаған. Алайда бапкер оны ауыстыруға шешім қабылдап, қасына барып, құшақтап, түсіндірмек болды. Бірақ Винисиус бұл шешімге риза болмады, ол иығын тартып, ашулы түрде орындыққа барып отырды.
Бұл ашу-ызаның көрінісі аса үлкен жанжалға ұласқан жоқ, бірақ оның ренішті екені анық. Маусым басталғалы Винисиус Ла Лиганың бес матчында да толық 90 минут ойнаған жоқ. Анчелотти кезінде тұрақты негізгі ойыншы болған ол қазір тек ротациядағы ойыншыға айналғандай.
Бұл жағдай футболшының клубпен келісімшартты ұзарту келіссөздеріне әсер етіп отыр. Қазір келіссөздер тоқтап тұр, ал әр өткен минут Винисиустың “Реалдағы” беделін төмендетуде. Бапкер Алонсо үнемі оның тәртібін мақтаса да, Винисиус соңғы уақытта командаға бұрынғыдай шешуші әсер ете алмай жүр. Соңғы 49 матчта ол бар-жоғы 16 гол соғып, 13 нәтижелі пас берген.
Алонсо ойыннан кейінгі баспасөз жиынында бұл шешімін түсіндіріп:
“Бүгін оған тек гол жетпеді. Ойынға жаңа серпін беру үшін өзгертулер енгіздім. Мүмкін, оны тым ерте алмастырдым…” – деді.
Дегенмен ол команда мүддесін бәрінен жоғары қоятынын және жеке бір ойыншының көңіліне қарап отырмайтынын жеткізді.
Клуб ішінде Винисиустың көңіл-күйі талқылануда. Бапкердің шыдамы таусылып барады, себебі ол әр пресс-конференцияда осы тақырыпқа оралуға мәжбүр. Ал егер жағдай өзгермесе, Винисиустың жазда командадан кетуі немесе 2027 жылы тегін кетуі де мүмкін екені айтылуда. “Реал” мұндай сценарийді қаламайды, алайда Бразилиялықтың келешегі белгісіз күйде қалып отыр.