Қайрат Нұрдәулетов: Афинада футболшыларымыз өз-өздеріне ұқсаған жоқ

26.03.2024, 13:28

Бүгін Қазақстан Ұлттық құрама командасы сырт алаңда Люксембургпен жолығады. Грекиядағы сәтсіздіктен кейін қазақ футболшылары еңсе тіктей алды ма? Матчтан не күтуге болады. Осы және өзге де мәселелер төңірегінде «Жетісудың» бапкері Қайрат Нұрдәулетов пен сұқбаттасқан едік.

Қайрат Нұрдәулетов: Афинада футболшыларымыз өз-өздеріне ұқсаған жоқ

Қазақстандық жаттықтырушылардың ішінде қазақ тілінде өте сауатты сөйлейтін, жазатын бапкермен болған әңгімеде:

  • Грекиямен кездесуде Қазақстан құрамасына ненің жетіспегендігі жайында;
  • ҚПЛ-дегі үздік бапкерлер туралы;
  • Биылғы біріншіліктегі басты фавориттер турасында;
  • «Жетісу» клубының ішкі жағдайы жайлы.   

Меніңше, балалар физика жағынан осал болған сияқты. Шыны керек, өз-өздеріне ұқсаған жоқ футболшылар

- Қайрат Жұмабекұлы, сіздің ойыңызша, Грекиямен болған ойында біздің командаға не жетіспеді?

- Грекиямен біздің команданың ойыны дұрыс болған жоқ. Меніңше, балалар физика жағынан осал болған сияқты. Шыны керек, өз-өздеріне ұқсаған жоқ футболшылар. Сондықтан, оның ішінде не болды, қалай болды, оның барлығын бапкерлер білетін шығар. Бірақ, сырттан қарағанда маған біздің футболшылар өздерін физикалық тұрғыда дұрыс сезінбегендей көрінді.

- Магомед Адиевтің ойынға құрған тактикасына сын тағып жатқандардікі дұрыс па?

- Бапкердің тактикасы туралы дейсіз бе? Бұл туралы сөз қозғауым орайсыз шығар. Орысша айтқанда, не тактично. Не істеді, дұрыс па, бұрыс па, ол жағын сізге айта алмаймын. Әр бапкердің өзінің алдына қойған тактикасы, моделі болады. Мүмкін, соны ұстанғысы келген болар. Мүмкін, өзі де бірдеңе көрсеткісі келген шығар. Енді өзінің бір ойы болды ғой. Оны өзі ғана біледі. Сондықтан, оны дұрыс па, бұрыс па, мен қазір айта алмаймын. Команда жеңіліп жатса, соған қарай шешім қабылдауы керек деп ойлаймын.

- Бас бапкердің орнында өзіңіз болсаңыз…

- Бірінші бапкер болып алайын (Күледі). Алла қаласа, Ұлттық құраманың да тізгінін ұстайтын шығармыз. Соған Алла тағала жеткізсін. Сол кезде көрерміз қалай болатынын. Енді оны қазір алдын-ала айту қиын. Бірақ, әрине, рахмет! Мен үшін Ұлттық құрамаға бапкер болу үлкен мәртебе.

Солтүстікте аяз болып, суықта ойнады жігіттер, оңтүстікте болса, шымкентте, балшықта ойнады. «Қайрат» пен «Тұран» матчын айтамын

- Биылғы біріншілікте қай командаларды ерекшелеп айтуға болады? Кімнің ойыны көңіліңізден шығады?

Енді таблицаға қарайтын болсақ, сол «Астана», «Ордабасы», «Тобыл» командаларының ойыны ұнайды. Осы командалардың аяқ алысы жақсы. Меніңше, екі турда қандай да бір қортынды жасау, шешім шығару қиын. Өйткені, ең біріншіден  - алаңдардың дұрыс болмауы. Солтүстікте аяз болып, суықта ойнады жігіттер, оңтүстікте болса, шымкентте, балшықта ойнады. «Қайрат» пен «Тұран» матчын айтамын. Оның алдында «Ордабасы» мен «Шахтердің» де ойыны онша келіскен жоқ. Сондықтан, дәл қазір мына команда жақсы, ана команда жаман деп айту қиын. Турнирлік кестені ескерсек, тек сол ұпай алып жатқан командалардың жағдайы жақсы деуге болатын шығар. «Ақтөбе», «Астана», «Тобыл», «Ордабасы» сияқты командаларды айтып тұрмын. Бапкерлер дейсіз бе? Бұл жерде де дәл солай. Қортынды жасау әлі ерте Бірақ, сол Бабаян мен Чурчичті ерекше айтуға болады. Алты ұпай алғандарына қарағанда, осы бапкерлердің жұмысына жақсы баға беруге болады деп есептеймін.

Алдымыздағы «Атыраумен» болатын кездесуге дұрыстап дайындалу қажет. Қазір бар ойымыз сол матчта

- Қайрат Жұмабекұлы, Талдықорғанға келгеніңізге де біраз уақыт болып қалыпты. Мұндағы жұмысыңыз көңілден шығады ма?

«Жетісудың» жағдайы жаман емес. Ойға алғанымызды ақырындап іске асырып келеміз. Өзіміздің ойымызды жігіттерге жеткізіп жатырмыз. Футболшыларға рахмет. Шамалары келгенше тапсырманы орындауда. Дайындығымыз да жақсы. Жаттығып, нәтиже көрсету үшін керектінің барлығы бар. Қолайлы жағдайдың барлығын жасалған. Енді әрине, әр бапкерге бірдеңе жетіспей тұрады ғой. Сондықтан, бізде де тағы бір-екі футболшы алсақ, бір-екі позицияны күшейтсек екен деген ой бар. Ол туралы қазір алдын-ала ештеңе деп тіс жармай-ақ қояйық. Өз уақытында болып жатар. Бармен базар деуші еді. Қазір енді қолда бар құраммен жұмыс істеу керек. Ойынды сол футболшылармен қоямыз. Алдымыздағы «Атыраумен» болатын кездесуге дұрыстап дайындалу қажет. Қазір бар ойымыз сол матчта. Талдықорғандағы жұмыс жағдайына көңілім толады. Базада тұрамыз. Жаттығу жасайтын жеріміз, алаңымыз да жаман емес. Әрине, жетілдіре түсетін жерлер көп қой. Сондықтан, жалпылама айтатын болсақ - бәрі де жақсы.

Жеке өз басым Қазақстан бүгін жеңеді деп үміттенемін. Люксембург, Грекия емес

- Бүгін Люксембургпен болатын бәсеке жайлы ойыңыз?

- Люксембургпен ойында команда құрамында біраз өзгеріс болуы керек. Өйткені, Грекиядан кейін жігіттердің еңсесі түсіңкі. Біздің футболшыларға оңай тиген жоқ қой. Сондықтан, негізгі құрамда басқа футболшыларды көріп қалатын шығармыз. Жеке өз басым Қазақстан бүгін жеңеді деп үміттенемін. Люксембург, Грекия емес. Оның үстіне жігіттердің өздері де ел сенімін, жанкүйер сенімін ақтауды ойлайды. Бүкіл қазақ жанкүйерінің көңіл-күйі түсіп кеткенін футболшылар біліп отыр. Жанкүйерлерді қуанту үшін алаңға шығады біздің футболшылар. Люксембургтің де соңғы уақыттағы ерекше прогресін айту керек. Грузиямен болған ойында жаман өнер көрсеткен жоқ. Мен ол матчты тамашаладым. Естуімше, Люксембургтің негізгі құрамының 3-4 футболшысы қатыспапты. Бүгін алаң иелері де жеңіс үшін ойнайды. Қалай болғанда да бүгін қызық матч болайын деп тұр.

- Сұқбатыңызға көп рахмет!

- Сіздерге де рахмет!         

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 30
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 2
Серіктес жаңалықтары
×