Қайрат Нұрдәулетов: жергілікті жанкүйерлер тарапынан біраз қысым болды

12.11.2025, 16:37

«Аладоп.кз» «Оқжетпестің» бұрынғы бас бапкері Қайрат Нұрдәулетовпен сұқбаттасып, көкшетаулық жанкүйерлермен арадағы жағдайы мен футбол маусымына байланысты пікірін білген болатын.

Қайрат Нұрдәулетов: жергілікті жанкүйерлер тарапынан біраз қысым болды
Қайрат Нұрдәулетов

43 жастағы маманның айтуынша, Көкшетауда оған өзінің әлеуетін толықтай ашуға біраз кедергі болған.    

«Барлығы демей-ақ қояйын, бірақ жергілікті жанкүйерлер тарапынан біраз қысым болғаны рас. Үйдегі ойындардың өзінде де кейбірі балағат айтып, «кет» деп наразылық білдіріп жатты. Мұның барлығы психологиялық тұрғыда әсер етпей қоймайды ғой. Жалпы, Көкшетауға келгелі сондай бір жағымсыз әсерді сезіндім... Стадионда, әлеуметтік желіде де солай. Оның себебін, түсіне алмай кеттім, бұл, өзіме дейінгі бапкерлерді жақсы көретін, жақтастарының жасап отырғаны ма, жоқ басқа жағдай ма?! Ал бұл ситуация жалғыз мен ғана емес, әйелім мен балама да жаман әсер етті. Өткендегі жанкүйерлермен кішігірім конфликт болғаннан кейін әлеуметтік желідегі коменттер отбасыма ауыр тиді. Балам кәдімгідей ержетіп қалған, ол да ел қатарлы әлеуметтік желіні оқиды дегендей. Жалғыз біз емес, иә, әрине талай бапкердің басынан өтіп жатыр, бұған тек төзе білу керек. Бұл да тәжірибе, осындайдан өтуіміз керек болған шығар деп қоямын өзімше іштей. Сондықтан, ешкімге өкпем жоқ, жанкүйерлердің арасында қолдап, көмектескендер де болды. Жанкүйердің барлығы жаман деп айта алмаймын», - деді Қ. Нұрдәулетов.

Қайрат Жұмабекұлы мен көкшетаулық клубтың келісімшарты аяқталып, екі тарап оны ары қарай созбауға келіскен ұқсайды. Айта кетейік, «Оқжетпес» ҚПЛ-2025-те сегізінші орын алды. Қайрат Нұрдәулетов клуб тізгінін маусымның ортасында Андрей Ферапонтовтан кейін ұстаған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×