«Қайрат» клубының қақпашылары Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмырза халықтың сүйікті футболшыларына айналып үлгерді. Енді бұл қатарға 18 жастағы Азамат Тұяқбаев та қосыла ма екен?
Бұл футболшы бүгін 65-минутта алаңға шығып, соңғы минуттарда баспен «Жетісу» қақпасына керемет гол соқты. Бүгінгі гол – оның ел чемпионатындағы алғашқы сәтті нәтижесі.
«Қайрат-Жастар» сапында Бірінші лигада 11 гол соғып үлгерсе де, Азамат Тұяқбаевтың есімі жастар арасындағы Чемпиондар лигасында көпке танылды. 19 қыркүйек күні ол «Спортинг» қақпасына дубль жасап кетті. Ал 30 қыркүйек күні «Реал» қақпасына да гол соғуға мүмкіндігі болғанымен, пенальтиден мүлт кетті.
Енді араға 5 күн салып, ол Қазақстан Премьер-лигасында екінші рет алаңға шықты. Ол бұған дейін маусым айында «Жетісуге» қарсы тек 1 минут өткізген еді.
Келесі футболшымызды еуропадан көреміз бе екен?