Белгілі бапкер Болат Есмағамбетов «Аладоп.кз» тілшісіне «Қайрат» - «Олимпиакос» кездесуіне қатысты ойын айтып, алматылық клубтың бабына байланысты пікірімен бөлісті.
ЧЛ жалпы кезеңінің аясындағы матч ертең «Астана Арена» стадионында болады.
«Меніңше, бұл бір принципиальный ойын болады. Бір команда келесі кезеңге шығу міндетін шешетін болса, біздің команда өз алаңында болған соң ең болмағанда бір жеңіске жету үшін алаңға шығады. Бұл жерде фаворит – «Олимпиакос». Жүз жылдық тарихы бар, Еурокубокте талай ойнап жүр. Өте тәжірибелі команда. Өз чемпионатында талай чемпион болған. Деңгей мен бабы жағынан әрине, басымдық грекиялық клубтың жағында болады. Меніңше, ойын сценарийі мынадай болады: грекиялықтар матчтың басынан аяғына дейін ойын тізгінін қолдарына алады. Ал «Қайраттың» мұндағы мүмкіндігі – қорғаныста сауатты ойнап, стандартты жағдайлар бар және жылдам қарымта шабуылдарға иек артады. Неге бұлай, «Олимпиакос» бұл бәсекеде агрессиялы ойынға сенім артатын секілді, әсіресе, алдыңғы шепте қатты қысым көрсетуге ұмтылады. «Реалмен» ойында олардың сапалы шабуылдай алатындарын байқадық. Ал біздің мұндағы мүмкіндігіміз қарсыластың сондай шабуылы кезінде бос кеңістіктерді пайдаланып, қарымта шабуылға шығу. «Қайраттың» бабына қатысты айтсақ, ешқандай бапкерде алматылықтардікіндей 1,5 ай үзілістен кейін командасын тас-түйін дайындайтындай әдіс-тәсіл жоқ. Енді бәрін ойын көрсетеді. Бірақ, бәрібір оңай емес, чемпионаттың аяқталуына көп уақыт болды. Біз де бапкер болдық, біраз нәрсені көрдік. Мұндайда ішкі түйсігіңе сүйенесің, тәжірибеңе сенім артасың дегендей. Бұл жерде енді бапкерлердің матч алдында айтатын мотивациясы, мотивациялық сөздері бар, бірақ оның барлығы бір сәттік қана дүниелер. Бірақ бәрібір «Қайраттың» шамасын қараймыз енді, қалай дегенде де ұтса екен дейміз. Командаға сәттілік тілейміз», - деді Б. Есмағамбетов.
«Қайрат» ЧЛ жалпы кезеңінде 5 турдан кейін 1 ұпаймен 35-орынға жайғасуда. Ал «Олимпиакос» еншісінде 2 ұпай. Олар 33-сатыда.