Негізгі құрамнан орын таба алмай жүрген ойыншыға ҚПЛ-дың бірнеше клубы көз тігіп отыр, деп хабарлайды Aladop.kz.
Vesti.kz сайтының мәліметінше, Әділет Садыбековтың тағдырына қатысты клуб басшылығының нақты ұстанымы бар, бірақ сырттан түсіп жатқан ұсыныстар толастар емес.
Қаңтар айының басында Садыбековті өз қатарына қосуға "Ақтөбе" клубы барынша тырысқан болатын. Алайда тараптар келісімге келе алмай, трансфер жүзеге аспады. Қазіргі таңда Әділетке деген қызығушылық қайта оянған.
Қазақстан Премьер лигасының бірнеше командасы футболшыны маусым соңына дейін жалға алуға ниетті.
Алматылық клуб өз тәрбиеленушісін оңайлықпен жібере салғысы келмейді. Басшылық Садыбековті команданың болашағы деп есептейді, бірақ бәсекелестік жоғары ортада оған негізгі құрамнан орын кепілдендірілмеген.