«Қайратқа» қолайлы, «Ақтөбеге» жақпай ма? ҚПЛ күнтізбесінде қандай шикілік бар?

Бүгін, 16:03

Күні кеше ғана ҚФФ премьер-лиганың алғашқы үш турының күнтізбесін ұсынған.

«Қайратқа» қолайлы, «Ақтөбеге» жақпай ма? ҚПЛ күнтізбесінде қандай шикілік бар?
"Қайрат" - "Ақтөбе" кездесуі

Жылда атқарылатын дәстүрлі шараның биыл сәл өзгешелігі бар – федерация күнтізбені түзуде ЖИ-ге жүгінді. Арнайы бағдарлама өзіне міндеттелген тапсырмаларға сай командалардың өз алаңында және сыртта өткізетін күндерін белгілеп берген екен. ҚФФ мамандары осы арқылы жылда жанкүйерлер арасында болатын түсініспеушіліктен аулақ болуды көздеген болар. Бұқараның «бұл қалай, анау не» дегеніне «компьютердің жасағаны» дейтін жауабы. Алайда, зерделей келе, биылғы күнтізбенің де біраз минусы байқалып қалды. Ол, әсіресе, үш командаға қатысты болып отыр – «Қайрат», «Ақтөбе» және «Жетісу.

Бір қарағанда күнтізбе былтырғы жеңімпаздың «ыңғайына» қарай жасалғандай әсер қалдырады. Мысалы, «Қайрат» премьер-лиганың алғашқы үш турын Алматыда өткізеді: 1-турда «Алтаймен» өтетін матчтың сырт алаңда дегені тек аты ғана. Өскемендік клуб сатдионының күрделі жөндеуден өтетіні себепті біраз кездесуін Алматыдағы «Хан Тәңірінің» алаңында ойнамақ. Одан кейін «Ақтөбені» қабылдаса, үшінші турда «Жетісумен» жолығады. Бұл матч та формалды түрде сырт алаңда, бірақ өтетін орны Алматы. «Жетісу» алғашқы 2-3 тур ойындарын Алматыда ойнайды. Балапанды ғана емес, ұпайды да күзде санайтын кезде «Қайрат» үшін күнтізбенің мұндай «қолайлы» бөлігі кәдімгідей көмек болуы мүмкін.

Ал «Ақтөбенің» жағдайы мүлде керісінше. Жасанды интеллекттің жасағаны жақпай тұрған нағыз осы «ақ-қызылдар» болып тұр. Николай Костовтың орынтағы былтыр онсыз да әбден шайқалған болатын. Енді болгариялық жаттықтырушыға күнтізбенің кесірі тигелі жатыр. «Ақтөбенің» алғашқы үш турдағы қарсыластары – «Тобыл», «Қайрат», «Елімай». Чемпионаттың басын бірден өткен премьер-лиганың үздік төрттігімен бастау оңай болмайды. Мұндай кестенің салдарын «Ордабасы» жақсы білетіні анық. Былтыр шымкенттік команда алғашқы турларда «Қайрат», «Ақтөбе», «Астанаға» қарсы ойнап, біразға дейін оңала алмай қалып еді. Мұндай «старттың» салдары команданың жалпы чемпионаттағы жүрісіне, жағдайына кері әсері бар. Шымкенттіктердің турнирлік кестедегі қортынды орнынан осы жағдайдың әсері болғаны да даусыз.   

«Жетісуға» да оңай емес. Қайрат Нұрдәулетовке күнтізбе  қосымша бас ауруы болғалы тұр. Талдықорғандықтарды қайта тізгіндеген отандық маман алғашқы турларда «Астана», «Тобыл» мен «Қайраттың» қарқынына қалай төтеп беруге болады деген жұмбақтың жауабын шешуі керек. Әйтпеген жағдайда, жетісулық ұжым жаңа маусымның басында-ақ ауыр соққы алып қалуы кәдік. Мұндай жағдайлардың мүмкіндігі шектеулі клубқа пайдалы болмайтыны түсінікті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×