Біздің сайттың тұрақты сарапшысы Алмас Құлшынбаев ЧЛ 2-іріктеу кезеңінің жауапты матчындағы «Қайраттың» мүмкіндігін бағалап, болжамын берді.
Куопио қаласындағы бірінші бәсекеде алаң иелері жауапсыз 2 доп соғып, басымдыққа ие болған. Бүгін Қазақстан чемпионы сол гандикапты қайтаруға қарекет қылмақ.
«Өткендегі бір сұқбатымда айтқам - финляндиялық команда «Қайраттан» мықты емес. Алматының географиялық орналасуы, ауа-қысымы футболшылардың төзімділігіне әсер етеді. «Қайрат» бірінші бәсекеде ұтылмайды дегем, бірақ олай болмай шықты. Бірақ, алматылықтар бұл гандикапты қайтарады, ал одан ары қарай қосымша тайм, мүмкін пенальти сериясын болып қалады... Бұл да әбден мүмкін. Қалай дегенде де, ары қарай «Қайрат» өтеді деген ойымда қаламын. Оның үстіне, қазір сырт алаңдағы голдың артықшылығы деген фактор жоқ. Бастысы, өз алаңымызда гол жібермеуіміз керек, әсіресе, бірінші болып доп өткізіп алмау өте маңызды. Өйткені, мұндай жағдайда тапсырманы орындау мүмкін емес деуге болады. Сол үшін қақпаны голдан сақтау маңызды. Ал «Қайрат» кемінде екі гол соғуы тиіс», - деді А. Құлшынбаев «Аладоп.кз» сайтына берген сұқбатында.
Командалардың жауапты матчы кешке 20:00-де басталады.