Бізге келіп жеткен ақпаратқа сәйкес, 17-жасар Дастан Сәтпаев келесі аптада «Челсиге» ауысуы ықтимал.
Лондондық клубтың бапкерік штабы қазақстандық шабуылшыға ерекше қызығушылық танытуда.
Дастан футболдағы алғашқы қадамдарын «Қайраттың» академиясында жасаған: алматылық клубта дайындықтың барлық кезеңдерінен өтті. Сөйтіп, шеберлігінің арқасында былтыр «Қайрат-Жастар» жейдесін киіп, Бірінші лигада доп тепкен болатын. «Тараздың» қақпасына жеңіс голын салған кезде ойыншының жасы небары 15-те болған. Бірінші лига аясында бес матчта алаңға шығып, өзінің өнерімен тәнті еткен болатын. 2024/25 жылғы УЕФА Жасөспірімдер лигасының бәсекелерінде де алаңнан бес рет бой көрсетіп, бір рет мергендік танытып, голдық бір пас шығарған. Дастан мен алматылық клубтың келісімшарты 2026-жылдың аяғына дейін жарамды.
Бұдан бөлек, QJ League 2024-те алматылық команда жейдесінде 12 ойында өнер көрсетіп, 19 гол соғып, 6 ассист берген. Сондай-ақ, жас таланттың маусым соңында «QJ League-ның ең пайдалы футболшысы» деген аталымда дараланғанын да қоса кету керек.
Шабуылшы Қазақстан U-17 құрамасының сапында 10 ойында өнер көрсетіп, 4 рет мергендік танытты.
Біздің серіктес: FONBET