«Қайрат» Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңінің үшінші айналымында фаворит саналған Словакияның «Слован» клубын жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Қазақстандық клуб плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтик» командасымен кездеседі. Алғашқы матч 20 тамызынан 21-іне қараған түні сырт алаңда және қарымтай ойын 27 тамызда. Алматыда өтеді.
Еске сала кетейік, осы маусымдағы Чемпиондар Лигасында «Қайрат» бұған дейін Словенияның «Олимпиясын» және Финляндияның КуПС клубын жеңген болатын. «Слованды» жеңіп, плей-офф кезеңіне шығуының арқасында, ең қолайсыз жағдайда да «Қайрат» Еуропа Лигасының негізгі кезеңіне қатысуға кепілдік алды.
Сонымен қатар, Қазақстанның еурокубоктарда тағы бір өкілі бар. «Астана» Конференциялар Лигасының үшінші іріктеу кезеңінде өнер көрсетуде. Бейсенбі күні олар Швейцарияның «Лозанна» клубына қарсы қарымта матч өткізеді.