ҚР Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы маңызды матчтың трансляциясына байланысты наразылық білдіріп, Қазақтелекомды «қатты» сынға алды.
«Қайрат» өте жақсы, нәтижелі ойын көрсетті деген ойдамын. Құрамындағы жас ойыншылардың бағындырар белестері әлі алды. «Ойынды көрдіңіз бе?» деген сұрақты көшедегі кез-келген қазақстандыққа қойсаңыз, барлығы «иә» деп жауап бере алмайтыны өкінішті. Мұндай жүктеме болатынын бәріміз білдік. Соған дайын болу керек еді. Тарифті көтергенде алдына жан салмайтын Қазақтелеком осындай сәтте халықты жерге қаратты. Жанкүйерлерді футбол мерекесінен қалдырғаны жанымды қынжылтады. Ойынды стадионнан тамашалауға барлық адамдардың әлеуметтік жағдайы жетпейді. Пәлен мың теңгеге билет сатып ала алмайды. Сондықтан амал жоқ, бәріміз ойынды үйде көрдік. Бірақ осындай жүктеме болатынын біле тұрып, тарифке қанша мың алатын байланыс операторлары жанкүйерлерді футбол тойынан қалдырғаны жаныма батты. Бұл туралы депутаттық сауал дайындап жатырмын. Себебі мұндай жағдай болмау керек. «Қайрат» осындай деңгейге жеткен кезде, Қазақстанға Чемпиондар лигасын 15 рет жеңген алып команда келген кезде дүйім жұрттың қызығушылығы артады. Бірақ кеше не болды? Мыңдаған азаматтар ойынды Испания сайттарынан көруге мәжбүр болды. Өз елімізде өткен футбол мерекесін ақша төлеп отырған оператордың көмегімен телеарнадан көре алмау – қорлықтың ең үлкені», – деді халық қалаулысы.