Кеше ғана өз тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алған алматылық «Қайрат» келесі кезеңдегі қарсыласын анықтады. Словакияның бірнеше дүркін жеңімпазы «Слован» Братислава біздің клубқа қиындық тудырады ма екен? «Қайраттың» қарсыласы братиславалық «Слован» жайлы қызықты деректермен бөлісе кетейік.
«Слованның» жетістіктеріне қысқаша шолу
Братислава қаласынан шыққан «Слованның» толық атауы «Слован» Братислава футбол клубы». 1916 жылы негізі құрылған клуб өз алаңындағы ойындарын «Тегельне поле» стадионында өткізеді. УЕФА рейтингісінде 61-орында орналасқан. Биылғы маусымда 4-сатыға көтерілді. Словакиялық Найк лигасында өнер көрсететін клуб чемпионатта соңғы 7 жылда ешкімге алғашқы сатыны бермей, чемпион атанып келеді. 7-жыл қатарынан чемпион атанғанына қарамастан, «Слован» өз тарихында тек қана бір рет еуропаның басты клубтық додасының негізгі кезеңіне шықты. Өткен маусымда, яғни 2024/2025 жылғы Чемпиондар Лигасының негізгі бөліміне шығып, 36 клубтың ішінде 35-орынмен аяқтады. Алғашқы турда, шотландиялық «Селтиктен» 5:1, «Манчестер Ситиден» 0:4, «Жиронадан» 2:0, загребтік «Динамодан» 1:4, «Миланнан» 2:3, мадридтік «Атлетикодан» 3:1, «Штутгарттан» 1:3, «Бавариядан» 3:1 есебімен жеңілген. Топ клубтарға қарсы барлық ойындардан жеңілгенімен сегіз ойында кем дегенде бір гол соғып отырған, тіпті «Миланнан» бір ұпай алатын да мүмкіндігі болды. тек «Манчестер Сити» және «Жиронаға» қарсы ойындарда ғана гол соға алмай жеңілістің ащы дәмін татып қайтты.
Биылғы маусым қарсыласымыз үшін қалай басталды?
Бұл жолы клуб Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңіндегі жорығын екінші іріктеу кезеңінде бастады. Қарсыласы босниялық Мостар қалашығынан шыққан «Зриньский» клубы. Алғашқы ойында 4:0 есебімен жеңіске жеткен «Слован» жауапты ойында 2:2 есебімен тең түсіп, келесі кезеңдегі қарсыласын анықтады. Үшінші кезеңдегі қарсыласы алматылық «Қайрат» атанды. Бірінші ойын алматының «Орталық» стадионында 5-тамыз күні өтсе, қарымта кездесу 12-тамыз күні Братиславада өтеді.
Екі клубтың соңғы бес ойындағы нәтижесі көңілге толады ма?
Қос клубтың соңғы 5 ойынына тоқтала кетсек, «Қайрат» 5-ойында 3-рет жеңіп, 1-рет тең түссе, осыдан алты күн бұрын «КуПС»-та сырт алаңда жеңіліске ұшырады. «Слованның» әзірге қарқыны жаман емес. Көрсеткіші дәл біздің командаға ұқсас болғанымен, 5 ойында екі жеңіс, екі тең нәтиже және бір ғана жеңіліс.
«Қайраттың» бұл қарсыласқа әлі келеді ме?
Егер бұл ойынға дейінгі қос клубтың ойындар кестесіне қарай отырсақ, алматылық клуб керісінше барынша тыңғылықты дайындалып, қарсыластарының осал тұсын табуына мүмкіндігі бар. Өйткені, «Қайрат» тек бір ойын ғана өткізеді. 2-тамыз күні өз алаңында «Ұлытауды» ҚПЛ аясында қабылдайды, бұл дегеніміз үш айдан кейін бойкотын тоқтатқан «Алатауфанс» жанкүйерлік қозғалысының да, өз алаңының да көмегі жеңіске бір қадам жасауға мүмкіндігі бар. Неге десеңіздер, үш ойынның екі ойыны қатарынан өз алаңында өтеді. Қарсылас команда «Слованның» ойын кестесі керісінше қиынырақ. Себебі: 3 және 9 тамыз күндері «Найк лигасы» аясында екі ойын өткізгеннен кейін 5 және 12 тамыз күндері еурокубокте жорығын жалғастырады. Бірақ, «Слован» екі ойынды қатарынан сырт алаңда өткізеді. Словакиялық клубқа қиыншылық тудыратыны бұл жерде қонақта өтетін ойындарға барып-қайтуына қаншама уақыт өткізуіне тура келеді. «Қайратқа» осы себептер басымдылық береді деген үміттеміз.