Қазақстан чемпионы кеше тарихтың жаңа парағын аударып, жанкүйерлерін қуантты.
Енді келесі кезеңде «Қайрат» жақсы таныс Владимир Вайсстың командасымен шеберлік байқасады. Мойындау керек, братиславаның «Слованы» кешегі қарсыластан әлдеқайда мықты. ЧЛ-ның келесі кезеңімен оппозиция деңгейі де өсіп отыр. Демек, Рафаэль Уразбахтинге қателіктермен жұмыс істеп, тас-түйін дайындалу керек деген сөз. Ал қателіктер, өкінішке қарай болды.
Бірден айту керек - «Қайраттың» - «КуПС-қа» қарсы кешегі ойыны осы маусымдағы үздік матчының бірі болды. Ойын қарсаңында алматылықтардың бұрынғы футболшысы Исламбек Қуатпен сұқбаттасып, жартылай қорғаушының пікірін білген болатынбыз. «Жеңістің» ойыншысы бұрынғы клубының жеңісіне шүбәсіз сенетінін айтып, алаң иелерінің үзіліске дейін-ақ 2 гол салып тастайды деп болжаған. Айтса айтқандай-ақ, «Қайрат» тіпті нормадан асырып тастады. Жалпы, алматылықтар бұл бәсекені бірінші таймда-ақ ұтып тастады десек қате емес. Ал бізге «Қайраттың» үзілістен кейінгі ойыны қызық болған. Иә, дұрыс, тиімді нәтиже қолда, асығып не бар дейсіз ғой? Бірақ, ойыны жүріп тұрса, есепті ұстап қалуға тырыспайтын шығар деп ойладық. Тағы 1-2 гол салып матчтың тағдырын шешіп тастауға болатын еді... Солай болса екені деп тіледік те іштей. Өйткені, бірінші таймнан кейін алматылықтардың запаспен ойнап жүргені, қаласа тағы қоса алатыны байқалған. Бірақ, шамамен 70-минуттарға дейін алаң иелері допты аздап қарсыласқа беруді ұйғарды. Әдейі екінші нөмірге көшкендей көрінді. Сырттан қарап, тон пішу әрине, оңай. Мүмкін негізгі орындаушылардың алаңнан кетуі әсер еткен болар – Сәтпаев, Жоржиньо мен Громыконы айтып тұрмыз. Бірақ, қосалқы құрамнан қосылғандар ойынды күшейтті деуге де келмейді. Мұның обьективті себептері де бар - Рамазан Бағдат, Мрынский бастаған жастардың тәжірибесі, әсіресе халықаралық деңгейдегі тәжірибесі жоқ. Десе де, жігіттердің тырысқанын мойындауымыз керек.
Иә, «Қайрат» жалпы матч тізгінін қолында ұстады. Бірақ, бәрібір ойын соңында біраз қобалжытқаны рас. Александр Мартыновичтің қақпа алдында құлап, қаңғалақтаған доптың сәл болмағанда қарсыластың аяғынан табыла жаздаған сәтінің өзі неге тұрады? Ал Заруцкийдің қақпа алдындағы сенімсіз ойыны ше? Мұның барлығы қорғанысқа қосымша салмақ. Мойындау керек, финдер соңғы минуттарда барын салып, қыспаққа ала ала алған жоқ. Қатты қысым жасағанда шаруамыз қалай болар еді деген ой қалды. Абырой болғанда, жақсылап тұрып тығырыққа тірейтіндей қарсылас шабуылшыларының шамасы болмады немесе деңгейі жеткен жоқ. Бірақ, «КуПС-тың» 80-минуттардан кейінгі сирек шабуылдарының өзінде біздің қорғаныс аздап сыр беріп қалып жатты. Сондай моменттің бірінді гол салып кетсе, ойынның тағдыры қалай болар еді?..
Владимир Вайсс алматылық клубпен жақсы таныс маман. Кешегі брактардың братиславалықтарға жақсы ақпарат болатыны анық. «Қайраттың» ойын соңындағы қобалжуы мен орынсыз қателіктері келесі кезеңде мүлде кешірімсіз. «Слован» да кеше жауапты матчын өткізіп, Боснияда тең тарқасқан - 2:2 (қос ойын қортындысында 6:2). Бірінші кездесуден кейінгі комфортный 4:0-ден кейін братиславалықтардың үнемді режимде ойнайтыны түсінікті еді. Осыны пайдаланған «Зриньский» екінші таймда екі гол салып алға шықты. Бірақ, Владимир Вайсс дер кезінде ойыншы алмастырып, бәсеке соңында қонақтар күшейіп таразы басын теңестірсек деп ентелеген қарсыластың үмітін біржолата сөндірді. Давид Стрелец босниялық командаға қарсы екі ойындағы үшінші голын салып, бұл ойында дубль авторы атанды. Словакия құрамасының шабуылшысынан бөлек братиславалықтар сапында бізге жақсы таныс армениялық Тигран Барсегян бар. «Қайсар» мен «Астанада» ойнап кеткен жартылай қорғаушы биыл да бабында және «Қайратты» біраз әурелейтіні сөзсіз. Сондай-ақ, команда капитаны Хараслинді де ерекше айтып кетуге болады. Қысқасы, қарсылас өте азулы болайын деп тұр. Сондықтан, словакиялық командаға қарсы «Қайрат» тіпті кешегіден де мықты ойынын ұсынуы тиіс, әсіресе қорғаныс шебінде. Сорокин мен Мартыновичке ерекше сенім артылады. «Слован» қарымта шабуылда өте қауіпті: кеше Босниядағы екі добын да жылдам қарымта шабуылдан салып кеткен болатын. Алматылықтар арттағы ойынын жөнге салса, Дастан Сәтпаев бастаған жігіттердің өздерінің мүмкіндіктерін мүлт жібермейтіні күмәнсіз.