Алматылық ұжым Братиславада өткен тартысты да драмалы кездесудің жеңімпазы атанып, өз қоржынына €4,29 млн еуро салды. Бұл сома – Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде келесі раундқа жолдама алған клубтарға УЕФА бөлетін сыйақы.
Ең қызығы – алда бұдан да мол қаржы табуға мүмкіндік бар. Егер Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алсақ, €18,62 млн еуро қалтамызға түседі. Ал негізгі кезеңге өте алмай, Еуропа лигасына түссек те, клуб кем дегенде €3,63 млн еуроға кенеледі.
Бұған қоса, бұл сома маусым соңына қарай міндетті түрде ұлғаяды. Себебі, топтық кезеңде әрбір жеңіс үшін бөлек, тең нәтиже үшін бөлек сыйақы беріледі. Мысалы, УЕФА жүйесінде ЧЛ топтық кезеңіндегі әр жеңіс шамамен €2,8 млн, ал тең ойын €930 мың көлемінде бағаланады.
Демек, бүгінгі жеңіс – тек тарихи қадам ғана емес, клубтың бюджетіне де зор серпін берген табыс көзі. Алда әлі талай мүмкіндік бар, ең бастысы – соларды тиімді пайдалану.