Қызылорда командасының жанкүйерлері басшылық тарапынан қолдау тапты.
Қасқырлардың фанаттары 16 наурыз күні сағат 18:00-де бастауын алатын “Қайсар” - “Астана” кездесуінің уақытын бір сағатқа кейінге шегеру керектігі жөнінде өтініш білдірген еді. Ол мәселеге алаң қожайындары бей-жай қарамай Премьер-Лигамен келісе отырып, матчты 19:00-ге жылжытты. Ал бұл болса, ауыз бекіткен футболшылар мен фанаттардың қолайлығы үшін жасалды.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін 1-турда SOLD OUT қылған “Ордабасы” командасы да жанкүйерлердің өтінішімен “Ертіспен” болған кездесуді ыңғайлы уақытқа қойған болатын. Соның нәтижесінде жанкүйерлер Қайрат Нұртас пен Shiza сынды жұлдыздардың өнерін тамашалауға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, “Қайсар” ішкі чемпионаттың бірінші турында елордалық “Жеңіспен” кездесіп, 1:1 есебімен тең тарқасты. Ал “Астана” болса, өз алаңында “Жетісуды” 4:1 есебімен жайпап өтті.