"ЖаркOFF" телеграм арнасының хабарлауынша, қараша айының соңына дейін "Қайсар" футбол клубының меншік нысаны өзгереді.
Мәліметке сүйенсек, клубтың барлық мүлкі мен активтері TAU GROUP LTD компаниясының балансына өтпек. Бұл қадам — елдегі кәсіби спортты коммерцияландыру және клубтарды мемлекеттік тәуелділіктен арылту саясатының бір бөлігі саналады.
Жаңа меншік иелері "Қайсар" үшін жаңа заңды тұлға құрып, команданың болашағына тың серпін беруді мақсат етіп отыр.
TAU GROUP LTD өкілдері алғашқы ірі жобаның жоспарын жариялаған. Алдағы уақытта Сырдарияның сол жағалауында "Қайсардың” заманауи футбол академиясы салынбақ. Академия жас ойыншыларды жүйелі түрде тәрбиелеуге, аймақтың спорт инфрақұрылымын дамытуға және жергілікті таланттарды сақтап қалуға бағытталады.
Қызылордалық "Қайсар” соңғы жылдары инфрақұрылым мен тұрақты қаржыландыру мәселесін жиі бастан өткерді. Клубтың жеке меншікке өтуі бұл проблемаларды шешіп, команданың басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеруі мүмкін.
Дегенмен, жаңа құрылымның табысы TAU GROUP LTD компаниясының ашықтығы мен ұзақмерзімді стратегиясына тікелей байланысты болмақ.