Қызылордалық "Қайсар" футбол клубы келер маусым алдында құрамды нығайту жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды Aladop.kz.
"Қасқырлардың" басты нысанасына бұл жолы Чили чемпионатында нәтижелі ойынымен көзге түскен 27 жастағы вингер Томас Джонс ілікті.
Журналист Нарзулла Сайдуллаевтың хабарлауынша, "Қайсар” басшылығы футболшыға ресми ұсыныс тастап үлгерген. Қызылордалық клуб Чилилік ойыншыға екі жылдық келісімшарт ұсынып отыр.
meta-ratings.kz мәліметінше Джонсқа бұған дейін Өзбекстан клубтары тарапынан да қызығушылық болған, алайда қазіргі таңда келіссөздерде "Қайсар” мейлінше табандылық танытуда.
Томас Лусиано Джонс — шабуылдың оң қанатында ойнайтын ойыншы. Ол Чилидің екінші дивизионында өткен маусымда өзін үздік қырынан көрсетті, 29 матчта 13 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген.
Бұған дейін ол тек өз отанында ("Санта-Крус", "Магальянес", "Депортес Копьяпо") өнер көрсетіп келген және Чилидің жастар құрамасы сапында алаңға шығып үлгерген.