"Қайсар-Шиелі" ФК қаржысыз қалдырған кім?

Футболдан Қазақстанның Екінші лигасында өнер көрсетіп жатқан Қызылорда облысы, Шиелі ауданының "Қайсар-Шиелі" ФК ел біріншілігінің соңына жетпей жабылуы мүмкін. Себебі, аймақтың жас аяқдопшылары үшін ашылған командаға әлі күнге дейін бюджеттен бір тиын қаржы түспеген. 

"Қайсар-Шиелі" ФК қаржысыз қалдырған кім?
фото ашық дерек көзден алынды

Жалпы чемпионат басталмай тұрып Шиелі ауданының сол кездегі әкімі Нұржан Ахатов (қазір Қызылорда қаласының әкімі) аудан атынан шығатын команданы қаржыландыруға уәде еткен. Тіпті, бюджеттен 100-120 миллион теңгенің көлемінде қаржы бөліп бермек болған. Бұл Екінші лига үшін жеткілікті еді. Бірақ, жаз өтіп, күз келді. Содан бері жергілікті жас футболшылардан құралған клуб ауданнан көк тиын алмай, қазір қарызға белшесінен батып отыр. Соған қарамастан “Қайсар-Шиелі” ФК Екінші лигада жүлделі орынға талас жүргізіп, бүгінде турнир кестесінде 5-ші орында келеді. Жас футболшылардың жігері мен талабы таудай болғанымен, команданы қолдауға жергілікті атқамінерлер құлқысыз болып тұр. Жақында өткен аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында клубтың қаржысы шешілуі тиіс еді. Алайда халық қалаулылары күн тәртібінде тұрған мәселені қараусыз қалдырған. Яғни, жас футболшылардың келешегі елдің атынан сайланған депутаттарды да еш алаңдатпайтын секілді.

Міне, қазақ футболы неге дамымайды деген сұрақтың жауабы осыда! Ал “Қайсар-Шиеліні” демеуге уәде еткен Нұржан Ахатов бірер ай бұрын Қызылорда қаласының әкімі болып лаузымы өсіп кетті. Иә, қызметі өсіп, жас аяқдопшылардың үміт отын өшіріп кеткен әкім “енді бұл мәселеге менің қатысым жоқ” дейтіні анық. Осылайша облыс тарихында алғаш рет ауданның атынан шыққан кәсіби клубтың тағдыры қыл үстінде тұр. Тіпті, ешқандай қолдау болмаса “Қайсар-Шиелі” ФК чемпионатты да аяқсыз қалдыруға мәжбүр болады. 

P/S: Фотода футболшылардың ортасында көк жейдеде тұрған Шиелі ауданының бұрынғы әкімі Нұржан Ахатов... 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 11
Ұнамайды 3
Күлкілі 1
Масқара 15
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×