“Қайсар” – “Жеңіс”: Маусымының алғашқы турында кімнің асығы алшысынан түспек?

Бүгін, 06:40

Бүгін 2026 жылғы Қазақстан Премьер лигасының алғашқы тур ойындары жалғасын табады, деп хабарлайды Aladop.kz.

“Қайсар” – “Жеңіс”: Маусымының алғашқы турында кімнің асығы алшысынан түспек?

Қызылордадағы "KAYSAR Arena” стадионында “Қайсар” мен "Жеңіс” кездеседі. Матчтың басталу уақыты 16:00.

ҚФФ бұл ойынға бас төреші етіп Санжар Ысқақовты, VAR-ға Денис Тевяшовты тағайындады. Ауа райы болжамы бойынша ойын уақытына қарай Қызылордада шамамен +9°C, ашық не ала бұлтты жағдай күтіледі — яғни футбол ойнауға өте қолайлы.  

Бұл матч – екі түрлі жобаның, екі түрлі логиканың текетіресі. "Жеңіс” 2025 маусымын әлдеқайда жоғарырақ деңгейде аяқтады: олар 26 матчта 36 ұпаймен 6-орын алды, 37 гол соғып, 30 гол жіберді. Ал "Қайсар” 2025-те 22 ұпаймен 12-орында қалып, 24 гол соғып, 42 гол өткізіп алды. Сондықтан қағаз жүзінде фаворитке жақынырақ команда — "Жеңіс". Бірақ дәл бірінші турдағы, әсіресе Қызылордадағы матчтарда статистика әрдайым соңғы сөз емес.  

Исламғали Қозбақовтың қолына өткен Қызылордалық клубты жаңа маусымда Андрей Ферапонтов баптамақ. 6 наурызда жарияланған маусымдық тізімде "Қайсар” сапында Нұрымжан Салайдин, Әділет Кеңесбек, Нияз Идрисов, Әмір Мохаммад, Ерсұлтан Қалдыбеков, Айбол Әбікен, Томас Джонс, Никола Цуцкич, Әлияр Мұхамед секілді ойыншылар бар екені көрсетілді. Бұл тізім "Қайсарды” биыл құрылымдық тұрғыда орталықты күшейтуге тырысқанын аңғартады: қорғаныс пен орталық алаңға назар айқын түскен.  

Ферапонтовтың өзі ақпан ортасында берген пікірінде команда әлі нәтижеден гөрі қозғалысқа, принциптерге және тактикалық қалыптастыруға мән беріп жатқанын айтты. Оның сөздерінен бір қорытынды жасауға болады: "Қайсар" бірінші турға толық дайын, толық пісіп-жетілген механизм ретінде емес, бірақ тәртіпке сүйенетін команда ретінде келеді. Мұндай ұжымдар маусым басында эстетикамен емес, тығыздықпен, күреспен, екінші доптармен және қарсылас ырғағын бұзумен қауіпті.  

Матч алдындағы ең қызық тақырыптың бірі — Виктор Мозес. Англия чемпионы қаңтардағы жолдастық кездесулердің бірінде команда үшінгі алғашқы голын соғып үлгерген болатын. Бірақ 6 наурыздағы жарияланған маусымдық құрам тізімінде Мозес болмады. Sports.kz клуб маңындағы ақпаратқа сүйеніп, оның виза мәселесі бойынша Дубайдан Қазақстанға жете алмай жатқанын жазған. Демек, Африкалық жұлдыздв бұл матчта көрмейміз.

"Жеңістің” артықшылығы — жинақылығы. Клубтың  бас бапкері Акис Вавалис. Ал негізгі құрамда Исламбек Қуат, Дінмұхаммед Қараман, Адилио, Яков Новак, Хамза Яқуди, Эрдон Даци секілді ойыншылар бар. Бұл атаулардың өзі-ақ "Жеңістің” жай ғана қорғанатын команда емес, доппен де, ауысыммен де ойнауға тырысатын ұжым екенін білдіреді.  

Қысқы трансфер кезеңінде "Жеңіс" құрамды тәжірибелі ойыншылармен толықтырды. Клуб ресми түрде шабуылшы Самсон Идейемен, қақпашы Максим Плотниковпен және Меркельмен келісімшарт жасасты, ал бас директор Айдын Қожахмет Александр Меркельдің маусымдағы шешуші тұлғалардың біріне айналатынына сенім білдірді. Бұған қоса, клуб өз тәрбиеленушілері Батыхан Камарадинов пен Николай Горобченконы негізгі құрамға шығарғанын ресми хабарлады. Бұл екі нәрсені көрсетеді: біріншіден, "Жеңіс" қысқа мерзімді нәтиже үшін ғана емес, құрам тереңдігі үшін де жұмыс істеп жатыр, екіншіден, клуб тәжірибе мен жастарды араластырып, бәсекелі ішкі орта құруда.  

Айта кетсек, 2025 жылғы қарашада клуб ресми түрде Михаил Ломтадзенің "Жеңіске" инвестиция салатынын хабарлаған болатын.

Қызығы, қос команда арасындағы статистика біржақты емес. 2022 жылдан бергі 6 ресми матчта "Қайсар" 3 рет жеңген, 2 матч тең аяқталған, "Жеңіс” тек 1 рет ұтқан. Гол айырмасы да Қызылордалықтар жағында: 7:3. Ал 2025 жылғы екі кездесу 0:0 және 2:2 есебімен аяқталды. Бұл бір жағынан "Жеңістің” қағаздағы артықшылығын төмендетеді.

Тағы бір маңызды деталь: бұл жұптар арасындағы ойында көбіне аз гол соғылады. Соңғы H2H нәтижелеріне сүйенсек, орташа гол саны шамамен 1.5–1.6, ал Under 2.5 көрсеткіші 75% болып тұр.  

Орталық алаңдағы қарқын мен екінші доптар.

"Жеңісте” Қуат, Қараман, Адилио секілді доп ұстап тұра алатын және темп өзгерте алатын ойыншылар бар, ал "Қайсар” жаңа маусымдық тізімінде Әбікен, Қалдыбеков, Джонс, Цуцкич секілді орталыққа арналған футболшыларды көрсетіп отыр. Сондықтан бұл матчта комбинациядан гөрі, орталықтағы жекпе-жек, қысымнан шығу және допты екінші қарқынмен алу маңыздырақ болуы мүмкін.  

Үй және түз статистикасының айырмасы.

2025 маусымында "Қайсар” өз алаңында 15 ұпай, сырт алаңда небәрі 7 ұпай жинаған. Ал "Жеңіс” керісінше біршама теңгерімді көрінді, үйде 20, сыртта 16 ұпай алды. Бұл "Қайсардың” Қызылордада мүлде басқа командаға айналатынын, ал "Жеңістің" қонақта да ойынын жоғалтпайтынын көрсетеді. Басқаша айтқанда, матчта екі қарама-қарсы күш соқтығысады: алаң иесінің үйдегі мінезі және қонақтардың тұрақтылығы.  

"Жеңіс” маусым алдындағы процесті өте жүйелі өткізген болатын. Ал "Қайсар" бапкері Ферапонтов қысымның жоғары болғанын, нәтижеден гөрі принциптерді пысықтауға мән берілгенін ашық айтқан. 

Ойын өте сақ басталуы ықтимал. Бірінші тур, маусымның алғашқы қысымы, қателіктен қорқу, жаңа құрамдардың өзара байланысын тексеру — осының бәрі 20–25 минут бойы тәуекелді азайтады. Егер "Жеңіс" допты көбірек ұстауға көшсе, "Қайсар" ортамен қарсы алып, қапталға ығыстырып, екінші доптарды аулауға тырысады. Ал егер алаң иелері алғашқы минуттарда алға ұмтылса, онда "Жеңіс” орталық арқылы бос аймақ табуға әрекет етеді. Өткен өзара ойындардың төмен голдылығы мен 2025-тегі соңғы екі кездесудің тең аяқталуы бұл сценарийді күшейтеді.  .  

Матч 1:1 есебімен тең аяқталуы ықтимал. Біреуі жеңіске жетсe де гол айырмасы біреуден аспас.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×