Белгілі спорт журналисті, Aladop.kz сайтының құрылтайшысы Ермұхамед Мәулен өзінің жазбасында қазақ футболының дамуындағы Қайрат Боранбаевтың рөлін атап өтті.
Оның айтуынша, "Қайрат” клубын қиын жағдайда тұрған тұста қолға алған кәсіпкер команданы жаңа деңгейге көтеріп, ел футболының тарихында ерекше із қалдырды.
Боранбаев клубты иелігіне алған сәтте жағдай мүшкіл еді: қаңыраған база, ескірген екі автобус қана болған. Сол кезден бастап жүйелі жұмыс пен қыруар қаржы құйылып, үлкен өзгерістер жасалды. 13 жыл ішінде "Қайрат” қайта түлеп, Қазақстандағы көшбасшы клубқа айналды.
Осы еңбектің басты нәтижесі – команда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алып, футболдың ұлы бренді "Реал Мадридті” Алматыға шақыртты. Сонымен қатар, "Қайрат” академиясы елге жаңа тыныс сыйлап, талай жас дарынды ойыншыны футбол әлеміне танытты.
"Еңбектің жемісі деген осы. Қайрат Советайұлы қалыптастырған бизнес-модель қазақ футболына қаржы саламын деген өзге де азаматтарға үлгі болуы керек.” – деп жазды Ермұхамед Мәулен.