Капитан

14.11.2010, 06:40
Капитан
«Ливерпуль» капитаны Стивен Джеррард әлем футболының баға жетпес аяқ доп шеберлерінің бірі. Қалай айтсақ та оған бәрі жарасардай. Ол доп тартып алу, шабуыл бастау, гол ұратын пас шығару, сонымен қатар өзі де қолайы келгенде гол ұрудан қашпайды. Оның үстіне ол күрескер, қақтығыстан тайынбайтын ержүрек. Ағылшын ұлттық құрамасы мен «Ливерпуль» ойын тізгінін дәл осы жігітсіз көзге елестетудің өзі бір қиын. Айтпақшы Джеррардтың алаңда ойнайтын орны қай жер? Тіреуші жартылайқорғаушы? Жоқ, ол тіреуші жартылайқорғаушылықтан гөрі қайда көбірек шабуылдаушы футболшы. Мүмкін плеймейкер. Олай айтса да болады. Ал тағы да ол оң қанатта да ойнай біледі. Өйткені өз карьерасын дәл солай бастаған. Ағылшын ұлттық құрамасында кейде сол қанатты да жаба білген. Ең үздік ойыны-2005 жылғы чемпиондар лигасының финалында, дәлірек айтсақ екінші тайм мен қосымша уақытында да  «Ливерпуль» капитаны оң жақ қанатта өз борышын атқарған-ды. Міне осындай әмбебап Джеррардты Ливерпуль команданың жүрегі дейтіндей бар еді.

Таңдау

Қызықты ой-тұғыр. Әлі балғын бала кездерінде Майкл Оуен, Робби Фаулер және біздің басты кейіпкеріміз - Стивен Джеррард «Эвертон» командасына жанкүйер болса керек. Бірақ Стивеннің «Иристерге» жанкүйер болуы ұзаққа созылмады. Небәрі сегіз жасында ол өз қалауын «Ливерпульге» ауыстырып, міне содан бері 18 жыл сеніммен «қызылдарға» беріліп келеді. Стивтің бүкіл отбасы «Ливерпульге» жанкүйерлік танытқанда, тек Стивен мен ағасы Энтони ғана «Эвертонға» жаны ашыған көрінеді. Сол сегіз жасында ол болашақ мамандығын  таңдаған екен. Стивенді алғашында «Уистон Джуниорс» футбол мектебі қабылдап, кейін  «Ливерпуль» мектебіне ауыстырады. Осы сәттен бастап ол  нағыз «қызылға» айналды. Ал 14 жасқа келгенде барлығы түбегейлі өзгерер жағдайға жетті. Джеррардқа команда тарапынан ешқандай қөзқарас түспеген соң, оны басқа клубтарға жібере бастады. Оған бір себеп, бойының тапалдығы. Стивен өз шеберлігін танытуға – «Эвертон», қос «Манчестерге» және «Джилленгемге» барып қайтады. Осылардың ішінен соңғысы ғана ілтипат білдіріп, жас талантты футболшыны өзіне қалдырғысы келеді. Бірақ ең соңғы сәтте ол «Ливерпульмен» келісімге келіп, ең алғашқы еңбек шартына қол қояды. Және де қоса кетер бір жайт: не үшін Стиви Джидің бұл командаға құмартқаны туралы. «Мен бір көргеннен-ақ Джон Барнстың ойынына тәнті болдым. Ол сол кездегі жұлдызды құрамның өзінде де көріне білген.Оның ұрған голдары, оның жасаған қауіпті сәттері менің санамды тез жаулап алды. Мен алғашында шабуылдаушы болуды армандаушы едім, бірақ Джон Барнсты көрісімен тек қана сондай жартылайқорғаушы,тек қана сол ойнаған клубта болғым келді.»

Тұсаукесер

Жасөспірімдер командасында оның досы-болашақ ағылшын футболының  жарық жұлдызы- Майкл Оуен болды. Ол екеуінің сол кездегі бірін біріне ұқсастығы сонша, оларды бір көрген адам ажырата алмастай еді. Дегенмен Стиви Джи  «Ливерпуль» жейдесін ең алғаш киген кезде Майкл басты команда да ғана емес, ұлттық құрамада ойнап, әлем біріншілігіне де қатысып үлгерген еді. Джеррардты «Энфилд» тұңғыш рет 1998 жылдың 29 қарашасында «Блекбернмен» болған кездесуде көрді. Оң қанатта ойнаған қорғаушы Вегард Хегемнің аяғы морт сынып, Жерар Улье 18-жасар жас жігітті алаңға шығарады.

Капитан

Ағылшын ұлттық құрамасына ол алғаш рет өзінің 20 жасқа толған туған күнінің ертесіне, яғни 31 мамырда ойнады. Кевин Киган жігіттері Украинамен кездесіп, осы ойында Джерррард көзге түсе білді. Соңынан оған Еуропа біріншілігінде өз елінің намысын қорғау мүмкіндігі туды. Бұл турнирде ағылшындар жетістіріп ештеңе бітірмесе де, жаңадан келген Стивен өзінің қайтпас қайсар екендігін көрсетіп кетті. 2001 жылғы кезекті маусымда Джеррард бес бірдей кубоктың  иегері атанды. Бірақ басты қаһарман ол емес Гари МакАлистер болды. Бұл шотландық жартылайқорғаушы «Ливерпульде» негізінен орталық бөлікте ойнап, Стивті оң қанатқа ығыстырады. Маусымды сәтті аяқтаған МакАлистер команда сапынан кетіп,өз орнын Джеррардқа босатады. 2002 жылдың жазында Жерар Улье команда капитаны ағылшын және осы клубтың түлегі болсын деп, С.Хююпияның орнына Джеррардты қояды. Бас бапкердің ойынша оның бұл қадамы Стивенге өзін нық сезінуге жәрдемші болғанын айтады. Азғана уақыттың ішінде ол- «Ливерпульдің» нағыз теңдесі жоқ капитаны болып шыға келді. Оған дәлел 2005 жылғы Чемпиондар лигасының ақтық ойыны. Кездесудің бірінші бөлімінде 3:0 есебімен ұтылып жатып, ойын тізгінін өз қолына алған Джеррард «Милан» қақпасына гол соғып, өз командасын жеңіске жетелейді. Және де ол бұл ойында өзіне бейтаныс оң қанаттағы қорғаушының рөлін атқарады.

Қызыл жүрек

Ж.Улье бапкерлік еткен жылдарда  Стивке «Челси» тарапынан ұсыныстар түсіп, Мауриньо мен Абрамович қызығушылық танытқан. «Мен сол шақта өмірімде бірінші рет клуб ауыстыру туралы ойға түстім. Бірақ туыстарыммен кеңесе келіп, өз туған командамда қалуды ұйғардым.» Дәл сол кезде Джеррард Ульемен керағар пікірде еді. Көп ұзамай бас бапкер де ауысып, Ульенің орнына Рафаэль Бенитес келеді. Жаңа бапкер Стивен үшін тың серпіліс, тың күшпен ойынға кірісуге көмектеседі. «Стиви ақымақтық жасады және сол үшін ол әлі өкінеді. Оған біздің клубқа ауысу керек еді.»- деп Ж. Мауриньо артынан сөз айтады. Бірақ Жозе бапкер бұл капитанның өз кемесін тастап кете алмайтынын түсінеді.

Үйленген бойдақ

2006 жылдың 16 маусымында Стивен Джеррард өмірінде елеулі оқиға болды. Ол Алекс Кьюррен атты қызбен үйлену тойын атап өтті. Дәл осы күні манкуняндықтар: Гари Невилл мен Майкл Кэррик те отау құрса керек. Дегенмен Стиви мен Алексті жас отау деп айтуға ауыз бармайды. Олардың бірге өмір сүргендеріне біраз жылдың жүзі болған секілді. Оған айғақ екеуінің араларында пайда болған төрт жасар Лилли-Элла және бір жасар Лекси. Өмірде Стивен аңқаулау, ұмытшақ екен. Ол бірде Голландияға чемпиондар лигасының ширек финалына барарда үйде төлқұжатын тастап кетеді. Онысын ол аэропортта, ұшар алдында ғана байқайды. Сөйтіп не керек, бірге келген таксистті үйге тез, шұғыл қайта жұмсайды. Ал ол асығамын деп жолда жол көлік апатына ұшырап барып, әйтеуір құжатты Стивеннің қолына тапсырады. Егер сонда Джеррард ұшақтан қалып қойғанда «ПСВ» қақпасына алғашқы допты кім соғар еді? Стивен әлі жас, оған футболдан кейін немен шұғылдануды ойлау ертерек. Соңғы жылдары автобиографиялық еңбек жазып, қайырымдылық іс-шаралармен де айналысып жүр. Жақында «Британ Империясының орден мүшесі» атты лауазымға ие болды. Стивен әзірге әрине офицер де, жауынгер де емес, ешқандайда пэр де емес, бірақ өз бастауын тапқан секілді.

Дайындаған Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×