“Түркістан” командасына алдағы уақытта техникалық жеңіліс берілмек.
24 қазан күні оңтүстік команда “Шахтермен” Бірінші лиганың 26-тур кездесуін өткізуі тиіс болатын. Алайда кей ақпараттарға сенсек, түркістандық клуб қаржының жоқтығына байланысты Қарағандыға жете алмайтын болды. Сол себептен, алаң иелері алаңға шығып терлеместен, 3 ұпайды оңай олжалайды.
Кезінде “Яссы” атауымен өнер көрсеткен команданың техникалық жеңіліс алуы бірінші рет емес. Еске салсақ, 21 тамыз күні “Түркістан” өскемендік “Алтайға” бармай қойған еді. Ертесіңе клуб осы бір әрекеті үшін бірден 3 ұпайдан қағылды.
24-турда небәрі 9 ұпай жинаған оңтүстік ұжым келесі маусымнан бастап Екінші Лигада ойнайтын болады.