Абай облысының ең ірі кәсіпорындарының бірі — "Қаражыра" акционерлік қоғамы "Елімайдың" ресми серіктесі болды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бұл маңызды ынтымақтастық аймақтағы спортты өркендетуге, жас таланттарды қолдауға және ауқымды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
"Елімай” мен "Қаражыра” АҚ арасындағы бұл әріптестік отандық кәсіби спортты дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатқа толықтай сай келеді. Оның негізгі мақсаты — футбол клубтарының қаржылық тұрақтылығын арттыру, жеке бизнесті спортқа тарту және мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайту.
Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компаниялардың футболға бет бұруы бизнес, қоғам және спорт арасындағы байланысты нығайтып, Абай облысында ұзақ мерзімді спорттық жобаларды қолға алуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Соңғы жылдары "Елімай" өзінің бас серіктесі әрі титулдық демеушісі — KAZ Minerals тобының қолдауымен үлкен даму жолынан өтті. Жүйелі инвестициялардың арқасында клубтың материалдық-техникалық базасы нығайып, құрамы күшейді және спорттық нәтижелері жақсарды.
Бүгінде клуб өзінің заманауи тарихында алғаш рет Абай облысы мен Қазақстанның намысын Eyропалық аренада қорғауға дайындалып жатыр. Осындай жауапты сәтте "Қаражыра” АҚ-ның клубтың серіктестер қатарына қосылуы — "Елімайдың” даму көшін ілгерілетіп, жаңа белестерді бағындыруына септігін тигізбек.
"Қаражыра” АҚ — "Д” маркалы көмірді өндіру және өңдеу бойынша толық өндірістік циклге ие вертикалды-интеграцияланған компаниялар тобы. Абай облысындағы Қаражыра кен орнын игереді және өңірде 2000-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания Қазақстанның 11 аймағын және бірнеше шетелдік нарықты көмірмен қамтамасыз етеді.