Карим Бензема Франция құрамасына шақырту алды

19.05.2021, 11:37
Шабуылшы ұлттық құрамадағы соңғы матчын 2015 жылы өткізген болатын.
Карим Бензема Франция құрамасына шақырту алды

Франция Футбол Федерациясының (FFF) ресми сайты команданың Еуропа Чемпионатына арналған өтінімін жариялады. Шақырту алған ойыншылар тізімінде ұлттық құрамада соңғы бес жыл бойы өнер көрсетпеген "Реал Мадридтің" шабуылшысы Карим Бензема да бар.

"Мен Франция құрамасына қайта оралғаныма және олардың маған сенім артқандарына ризамын. Отбасыма, достарыма, клубыма және маған әрдайым қолдау көрсетіп, маған күн сайын күш бергендердің барлығына рахмет", - деп ағынан жарылды 33 жастағы шабуылшы.

Ал Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам бұл жағдайды былай түсіндірді:

"Бенземаға келетін болсақ, біз өткенге оралып, бір нәрсені өзгерте алмаймыз. Ең бастысы - бүгіні мен ертеңі. Маңызды қадамдар жасалды, біз Кариммен кездестік, ұзақ сөйлестік, мен бұл шешімге келмес бұрын ұзақ ойландым. Біз сізге не туралы сөйлескенімізді айтпай-ақ қояйын. Бұл кездесу екеумізге де керек болды. Мен бұған дейін де қиын жағдайларға тап болдым және әрқашан жеке қызығушылықты елемейтінмін. Себебі Франция құрамасы маған тиесілі емес"

Айта кетейік, Бензема Ла Лиганың ағымдағы маусымында 33 ойынға қатысып, 22 гол мен 8 нәтижелі пастың авторы атанды. Ал Чемпиондар Лигасында 10 матч өткізіп, 6 голды өз еншісіне жазды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×