Карвахаль үшін маусым аяқталды

«Реал Мадридтің» капитаны ауыр жарақат алды

Карвахаль үшін маусым аяқталды

ЖАН АЙҚАЙЫ ШЫҚТЫ

«Реал Мадрид» ойыншысы Дани Карвахаль «Вильярреалға» қарсы ойында ауыр жарақат алды. Ойынның соңғы минуттарында испаниялық допты нысанаға алып, қарсыласын теуіп жіберді. Байқаусызда болған іс-әрекет капитанның жан айқайымен аяқталды. Шұғыл дәрігерлердің көмегіне жүгініп, алаңнан зембілмен алып кетті. Ойыншылардың барлығы “кезекті жеңіс қолда” деп іштей қуанып жүрген сәтте дәл осындай келеңсіз жайтқа тап болды. Болған оқыс оқиғадан кейін «Реал» ойыншылары, тіпті қарсылас команда футболшылары да абдырап қалды. 9-тур бәсекесі 2:0 есебімен Мадридтік «Реалдың» пайдасына шешілді. Ойынның 14-минутында Вальверде мергендік танытса, 73-минутта Винисиус Джуниор есепті еселеді. Айта кететін тағы бір дүние, матчтан соң Винисиус Джуниор мойнын ауырсынып, медициналық тексерістен өтіпті.

КАПИТАННЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

Ойыншыны стадионнан жедел жәрдеммен алып кеткен. Тексеріс нәтижесінде тізе байламдарын үзіп алғаны белгілі болды. Осы себепті маусымды әрі қарай жалғастыра алмайды деген шешім шықты. Испаниялық өзінің парақшасында жақында ота жасалатынын және алаңға тез оралу үшін барын салатынын жеткізді. «Реалда» Данидан бөлек Тибо Куртуа, Браим Диас, Винисиус Жуниор және Давид Алаба жарақат алған. Тағы бір қорқынышты статистикаға тоқтала кетейік. Соңғы бір жылда "Реалдың" қорғаныс шебіндегі басты бес ойыншының төртеуі тізе байламдарының ауыр жарақатын алған. Олар: Тибо Куртуа, Давид Алаба, Эдер Милитао, Дани Карвахаль.  

КАРВАХАЛЬДЫҢ ОРНЫН КІМ БАСАДЫ?

Команда испаниялық қорғаушының ізбасарын іздемейді.  Көпшілік қысқы трансфер кезінде «Ливерпуль» ойыншысы Трент Александер-Арнольдті алады деп топшылауда. Дегенмен, команда ұжымы Лукас Васкеске сенеді. Оң жақ қорғаушы ретінде тәжірибесі бар ойыншы деп есептейді. Бас бапкер Карло Анчелотти: “Біз Васкеске сенеміз. Васкес бізге үміт пен сенім ұялатады. Нарық жабық және халықаралық үзіліс кезінде бұл мәселені ойлануға мүмкіндік болады” деп үн қатты. Ал, Корольдік клуб ойыншыға қолдау ретінде  жаңа келісімшарт ұсынды. Оның жарақат алуы клубтың жоспарларына кері әсер етпейді. "Реал Мадрид" Дани Карвахаль жаңа келісімшартқа лайықты деп санайды және оған үлкен сенім артады. Сондықтан екеуара келісім бойынша ойыншының келісімшарт мерзімін 2026 жылдың 30-маусымына дейін ұзартты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Алдыңғы жаңалық
"Челси" тағы да 4 гол салады
×