Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы өткен маусымда қарызға белшесінен батып, чемпионатты 600 миллион теңгенің үстінде берешекпен аяқтады. Команда футболшылары мен бапкерлер құрамы үш-төрт айдың жалақысын алмаған күйі демалысқа кетті.
Алайда «дала қасқырлары» желтоқсан айының ортасында алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізуге Түркияға аттанбақ ниетте. Клубтың қазіргі қаржылық қиындықтарын ескерсек, бұл ешқандай қисынға келмейтін шешім. Өйткені, ҚПЛ-де жүлдеге талас жүргізбейтін бірде-бір команда желтоқсанда шет ел асып дайындық өткізбейді. Тіпті, «Ақтөбе», «Тобыл», «Қайраттың» өзі қаржысын үнемдеп, мұндай қадамға бармайды. Сондықтан еліміздегі клубтардың ішінде ең бюджеті аз «Қайсарға» не жорық? Футболға артық ақша бөлмеймін деген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев райынан қайтып, командаға 5 миллиард теңге қаржы тауып беріп жатыр ма? Қызылорда облысының спорт басқармасы бұған не дейді екен? Жалпы бұл оқу-жаттығудың қандай мәні бар?
Біздің серіктес: FONBET