«Каспий» футбол клубының баспасөз қызметі: биылғы мақсатымыз – Бірінші лигада чемпион атану

15.09.2025, 21:01

Бірінші лигада 53 ұпаймен топ бастап келе жатқан «Каспий» клубы араға 2 жыл салып, қайта Премьер-лигаға оралуға жақын. Осы орайда «Каспий» футбол клубының баспасөз қызметшісі Бақытжан Бозабаев команданың қазіргі жағдайы мен алдағы маусымға дайындық бойынша Aladop.kz сайтына өз ойымен бөлісті.

«Каспий» футбол клубының баспасөз қызметі: биылғы мақсатымыз – Бірінші лигада чемпион атану

Маусымның басында көпшілік «Ertis» пен «Шахтер» клубтарының трансферін бағалап, қос клуб Премьер-лиганың жолдамасын өзара бөліп алады деп топшылап еді. Алайда сіздер қазір топ бастап тұрсыздар. Дәл осылай болады деп күттіңіздер ме?

  • Қазақстандық футболдың менталитетінде жылдың басында айтылған болжамдарды маусымның ортасында ұмытуға болады. Өйткені тұрақтылық деген дүние көп клубтарда әлі де ақсап тұр. Бүгін жақсы болса, ертең жағдай мүлдем өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан әр турға команданяң кез келген мүшесі жауапкершілікті сезініп жүруі міндетті деп ойлаймыз. Қазіргі кестедегі жағдай дәл осылай болуы үшін, басшылық, бапкерлік штаб және ойыншылар максималды түрде жұмыс істеп келеді. Әзірше жоспарымыз ойдағыдай іске асып жатыр.

2024 жылы «Каспий» клубы ұзақ уақыт көш бастап тұрғанымен, екінші айналымда ұпай жоғалтып еді. Салыстырмалы түрде биыл қарқындарыңызды еш түсірмедіңіздер. Бұған не әсер етті? Биылғы бәсекелестіктің деңгейін қалай бағалайсыз?

  • 2024 жылы клубтағы басымдық көбіне тәжірибелі ойыншыларға берілді. Алайда өз қолымызда тұрған жолдаманы өзге қарсыластарға беріп қойдық. Ал биыл құрамда жас ойыншылардың саны артты. Олар тәжірибесі мол ойыншыларға жақсы тандем бола білді. Биылғы мақсатымыз - Премьер лигаға шығудан бөлек, Бірінші лигада чемпион атану. Бәсекелестікке не айтуға болады… Былтырғымен салыстырғанда, жоғары немесе әлсіз деуге келмейді. Өйткені «Ertis», «Шахтердің» аттары ғана ақырып тұрғанымен, ойындары аһ ұрып тұр! Сондықтан лига деңгейі бірқалыпты.

Жақын күндері ҚФФ отырысында Бірінші лиганың 3 командасы Премьер-лигаға шығады деп ресми жариялады. Бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыздар? Алдын ала біліп пе едіңіздер? Клуб барлық талаптарды орындауға дайын ба?

  • Премьер лигада 16 команда болатындығы туралы мәліметті жақында ел қатарлы естідік. Әзірге оған бірнәрсе деп айту қиын. Өйткені біздің Бірінші лигадағы миссиямыз әлі аяқталмады. Әйтсе де Премьер лигадағы талаптарды келер маусымда толықтай орындауға дайын десек те болады. Жергілікті әкімшілік және спорт басқармасымен «Жас Қанат»стадионын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі  тыңғылықты талқыланып жатыр.

Әлеуметтік желіде сіздерді Премьер-лигада 2 000 мың көрермен сиятын стадионда ойнауы мүмкін деп жатыр. Расымен де солай бола ма? Өткен маусымда Жаңаөзенде доп теуіп едіңіздер. Сол жаққа оралуларыңыз мүмкін бе?

  • Әр түрлі клубтармен келісім-шартқа отырып, ақылы мақтау жариялап жүрген қазақстандық бейресми парақшалардың схемасы қазір жұмбақ емес екенін барлығымыз жақсы білеміз… Біз туралы бейресми жалған ақпарат таратса, демек, бізбен де келісімге келіп, ақшасын алып, бізді мақтағысы келіп жүрген парақшалар болар. Негізі келер маусым туралы айтуға әлі ерте. Өйткені біздің аяқталмаған ісіміз бар. Ол - осы маусымдағы чемпиондық!

Осы маусымда сіздердің Жоғарғы лигаға көтерілуіңіз үшін 1 ғана ұпай жеткілікті. Сіздің ойыңыза 2-3-орындарды алуға қай клубтарды фаворит ретінде санайсыз? Қай ұжым сіздерді жақсы қырынан көрсете алды деп ойлайсыздар?

  • Биылғы фавориттердің тізіміне «Каспий», «Ertis», «Алтай» клубтарын қосар едім. Енді алдағы шешуші сәтте Премьер-лиганың жолдама иегерлері ешқандай құйтырқы саяси араласусыз, таза футбол қағидасымен анықталғанын қалаймыз.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған Әли Әлиев отандық футболшылар аптасына 2 ойын өткізуге толықтай дайын емес деп еді. Сіздер салыстырмалы түрде былтыр Лига кубогында доп тептіңіздер. Келесі жылы Премьер-лигадағы ойындардың саны да көбейеді. Бұл идеяны қалай қабылдайсыз?

  • Аптасына 2 ойын ойнауға дайын футболшыларды күтуге кеткен уақытты балалар футболына жұмсаған дұрыс деп санаймыз. Қазақ футболында онсыз да қордаланған мәселелер жетерлік. Олар: балалар футболына қажетті назардың бұрылмауы; басшылық және команда құрамының жыл сайын жаңаруы; түрлі парақшада өтірік мақтау посттарын жазғызу, маркетинг жұмыстарының дамымауы.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×