Ақтаулық клубта кадрлық өзгеріс орын алды. 2025 жылдың мамыр айынан бері клуб тізгінін ұстаған Нұртас Кургулин қызметінен кетіп, оның орнына белгілі спорт функционері Марат Тәкенов тағайындалды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Нұртас Мәлікұлы Кургулин — отандық жанкүйерлерге әуелі кәсіби футболшы ретінде танымал тұлға. Жамбыл футболының түлегі саналатын ол өз мансабында "Тараз", “Aстана", "Тобыл" және "Ордабасы" секілді ел біріншілігінің белді ұжымдарында өнер көрсетіп, Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғады.
Ойыншы ретіндегі жолын аяқтаған соң, Кургулин басқарушылық қызметке біржола бет бұрды.
“Каспийға” дейін ол, "Игілік" (Қаратау) және туған клубы "Тараздың” спорттық директоры қызметтерін атқарған болатын.
Клубтың жаңа басшысы Марат Бағзаұлы Тәкенов үшін бұл қызмет таңсық емес. Маңғыстау футболының түлегі бұған дейін де өңірдегі спорттың дамуына елеулі үлес қосқан.
2023 жылдың сәуірінде "Каспий" директоры болып тағайындалып, клуб басына түскен қаржылық қиындықтар кезеңінде ұжымды басқарды. Ол легионерлерге тәуелділікті азайтып, жергілікті кадрларды іріктеу саясатын ұстанған еді.
Және Қазақстан футбол федерациясында Өңірлік байланыстар департаментін басқарып, аймақтардағы футбол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған "ALAÑ” жобасын үйлестірді.
Одан бөлек, Маңғыстау облыстық футбол федерациясының президенті және жергілікті СДЮШОР басшысы ретінде аймақтағы бұқаралық футболдың өркендеуіне атсалысқан.