Футболдан Бірінші лигада топ басында келе жатқан «Каспий» клубының баспасөз қызметі Aladop.kz сайтына бәсекелестік бойынша ойымен бөлісті.
Осы маусымда сіздердің Жоғарғы лигаға көтерілуіңіз үшін 1 ғана ұпай жеткілікті. Сіздің ойыңыза 2-3-орындарды алуға қай клубтарды фаворит ретінде санайсыз? Қай ұжым сіздерді жақсы қырынан көрсете алды деп ойлайсыздар?
- «Биылғы фавориттердің тізіміне «Каспий», «Ertis», «Алтай» клубтарын қосар едім. Енді алдағы шешуші сәтте Премьер-лиганың жолдама иегерлері ешқандай құйтырқы саяси араласусыз, таза футбол қағидасымен анықталғанын қалаймыз», - деді «Каспий» футбол клубының баспасөз қызметшісі Бақытжан Бозабаев.
Айта кетейік, қазіргі сәтте «Каспий» клубы 53 ұпай жинап, Бірінші лигада жеке-дара көш бастап келеді. Ал қағаз жүзінде фаворит саналған «Ertis» 48 ұпаймен екінші орында келе жатса, «Алтай» клубы 44 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр. Жолдамаға үміткерлердің қатарында «Шахтер» (41 ұпай), «Жетісай» (38 ұпай) да бар.