Катарда Әлем чемпионатының ойынын қабылдайтын төртінші стадион ашылды

19.12.2020, 15:42
Алаңның сыйымдылығы 40 мың адамды құрайды.
Катарда Әлем чемпионатының ойынын қабылдайтын төртінші стадион ашылды

18 желтоқсанда 2022 жылғы Әлем чемпионатына арналған төртінші стадионның ашылу салтанаты өтті. Катардың астанасы Дохадан кейінгі екінші ірі қала - Аль-Райянда орналасқан аренаға "Ахмад бин Али" деген ат берілді.

Салтанатты шараға Катар басшысы Шейх Тамим бин Хамад аль-Тани, әлем футболының аңыздары және ФИФА президенті Джанни Инфантино, УЕФА басшысы Александр Чеферин және Азия футбол конфедерациясының президенті шейх Салман бин Ибрахим аль-Халифа қатысты.



40 мың көрерменді еш қиындықсыз қабылдай алатын "Ахмад бин Али" стадионы "Аль Райян" командасының жаңа аренасы болады. Онда 1/8 финалды қосқанда әлем чемпионатының жеті кездесуі өтеді. Бұған дейін Катарда "Халифа халықаралық стадионы", "Аль-Джануб" пен "Эдьюкейшн Сити" стадиондарының шымылдығы түрілген еді.

"Бұл таңғажайып стадион, атмосфера керемет. Трибуналар алаңға жақын орналасқаны соншалық, әлеуметтік арақашықтыққа қарамастан жанкүйерлердің эмоциясы мен құмарлығын сезінуге болады. Бұл әлем кубогының матчтары үшін керемет алаң екеніне сенімдімін. Катарды тағы бір жобаның аяқталуымен құттықтаймыз. Ел турнирге жақсы дайындалып, ұмытылмас әлем чемпионатын өткізуге бет бұрды - бұл осы турнирді ұйымдастырған Таяу Шығыста әрі Араб әлемінде алғашқы және Азия континентінде екінші мемлекет болмақ", - деді Инфантино.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×