Қатарда кім топ жарады?

06.02.2024, 00:05
Қатарда кім топ жарады?

Биылғы Азия кубогі жолындағы жарыста жартылай финалдық матчтар қалды. Басты фаворит саналған Жапония құрамасы жарысты аяқтады. Үздік төрттіктің қатарында Аустралия да жоқ. Сары құрлықтың кубогін Иордания, Иран, Оңтүстік Корея мен Қатар құрамалары сарапқа салмақ. Енді осылардың ішіндегі басты фаворит кім? Қиын сұрақ. Бір қарағанда Иордания әлсіздеу көрінеді ме, қалай? Бірақ, орталық шығыс елінің футболшылары алдымен өзінен әлдеқайда басым Иракты ұтты. Иракқа қарсы матчтағы камбэгінен иорданиялықтардың өліспей беріспейтін қайсарлығын байқадық. Ал ширек финалда бәріне бірдей сүйкімді болған Тәжікстанды қапы қалдырды. Сон хын Миннің Оңтүстік Кореясы әрине Ирактан да, Тәжікстаннан да әлдеқайда мықты. Тіпті қазір оларды турнирдің басты фавориті деседі. Кім біледі, плей-офтің бәсекесін болжау қиынның қиыны. Бірақ бұл сайыста қос командаға да ортақ бір қасиет бар. Оңтүстік Корея да жарыс жолында бірнеше рет жеңіліп жатып, ақырында өз дегеніне жетті. Бұл жұптың арасындағы кездесу қызықты және тартысты болғалы тұр.

Келесі жартылай финалдық жұп та өте қызық. Иран мен жарыс қожайыны Қатар құрамасы. Алдыңғы Азия кубогінің жеңімпазы Қатарлықтар турнирде бір деммен келеді. Топтан 100 пайыздық көрсеткішпен шықты. 1/8 ші финалдық ойынның екінші таймында Палестинаны сан соқтырды. Одан кейін тартысты бәсекеде Өзбекстанды пенальти сериясында ұтты. Енді Иранға қарсылас атанып отыр. 2019 да тарихында тұңғыш рет сары құрлықтың чемпионы атанған Қатарлықтар жетістігін қайталауды көздейді. Өзінің жерінде өтіп жатқан соң барын салады да.

Иран анау-мынау емес Жапонияны жеңді. Сирияны әупірімдеп жүріп пенальтимен ұтқан команданың бұлайша сілкінуін ешкім күтпесе керек. Алайда, Иран Азиядағы мықтының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қатарға қарсы ойынның оңай болмайтыны түсінікті. Дохадағы спорт кешенінде болатын бәсекеде жанкүйердің дені жергілікті командағы жақтасады. Бірақ, Тареми, Джаханбахш пен Азмундай футболшылар үшін бұл үлкен мәселе болмауы тиіс. Көреміз енді. Бұл жұпта да жорамал айту қиын. Айтпақшы, жартылай финалдағы төртеудің үшеуі Қатардағы әлем біріншілігінде өнер көрсеткендер.      

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

Азия кубогі
Aladop Youtube
×