Осыдан 10 жыл бұрын елордалық "Астана" еурокубокте нағыз сенсация жасаған болатын.
2015 жылы “Астана” еурокубоктік жолын Чемпиондар Лигасының 2 іріктеу кезеңінен бастаған болатын. Сол кезде команданы болгар маманы Станимир Стойлов баптады. Аталған жаттықтырушының көмегімен ел чемпионы іріктеуде “Марибор”, ХИК және “АПОЭЛ” жарыс жолынан шығарып тастаған еді. Соның нәтижесінде “Астана” жеребе арқылы топтық кезеңге жолдама алды. Ал ары қарай өздеріңіз білетіндей, Қазақстанға “Бенфика”, “Атлетико” және “Галатасарай” клубтары қонақтады. Атынан ат үркейтін ұжымдардың жұлдызды құрамына қарамастан, Фокси Кетевоама бастаған жігіттер өз алаңында бар кездесуде лайықты деңгейде өнер көрсетті. Мәселен, алғашқы ойында “Бенфикамен” 2:2, “Атлетикомен” 0:0 және “Галатасараймен” 2:2. Ал осы ойындардың куәсі болған бақытты жанкүйерлер билет үшін қанша ақы төледі? Өткенге оралып, алып сатарлар жоқ уақытты еске түсірдік.
“Астананың” Чемпиондар Лигасындағы өз алаң кездесулерінің билет құның сол кездері УЕФА өкілдері өздері бекіткен болатын. Мәселен, Стойлов шәкірттерінің “Галатасай” мен “Бенфика” ойындарын тамашалауға келген жанкүйелер стадионға кіргізетін рұқсат қағазының ең арзанын 2000 және ең қымбатын 10 000 теңге сатып алған екен. Командалардың деңгейімен бірге билеттің де құны артып отырған. Сөзіме дәлел, қараша айында “Атлетико” қонақтағанда, фанаттар “Астана Аренадағы” бір орын үшін ең арзаны 2500 және ең қымбаты 12 000 теңге төлеген екен. Сондағы арасы небәрі 2000 мың теңге.
Айта кетейік, “Астананың” өзге елдің чемпиондарына қарсы өз алаңындағы 3 кездесуіне билетті бірден алу мүмкіндігі сол кездері мүмкін болған. Және бір адамның қолына тек 4 билеттен ғана берілген.
Қазірде сатылымға билет шыққанын аңдып отыратын алып сатарлардан әбден жүрегіміз шайылып қалды. Ел футболы үшін маңызды деген қаншама кездесуде солардың кесірінен қарапайым халық зардап шекті. Бір қызығы, сол ашкөз азаматтар “Қайраттың” “Реалға” қарсы сатылымға әлі шықпаған негізссіз билеттерін удай ақшаға сатып жіберуге түрлі тәсілдер қолдануда. Ал оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожаның болмағаны қатты қынжылтады.